+7 (701) 759 90 19
USD 411.54 EUR 458.13
RUB 5.84 CNY 57.64
Jańalyqtar

Отанды сүю – ең ұлы сезім...

2020 жылғы 10 наурыз 14:52
Бөлісіңіз:
Отанды сүю – ең ұлы сезім...

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Туған жерге туыңды тік!» - деген дана халқымыз. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне ерекше сүйіспеншілікті білдіреді. Туған жері мен Отаны бар азамат өз ұлтының тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне арқа сүйеп қалыптасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті.

Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, білім беру саласында өлкентану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Тұңғыш Президентіміздің ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні – осында.

Осы бағытта кең байтақ Қазақстанның мектеп оқушылары осы бағдарлама талаптарына сай туристік сапарға шығып, туған өлкенің тарихы, флора және фаунасымен танысып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылған үлкен жобалар жазғы лагерьлерде тынығып жатқан мыңдаған оқушылар үшін балалық шақтың есте сақталар ерекше естелігі болмақ. Таулардан асып, өзендерді кешіп өтіп, ұлан-ғайыр туған өлкенің ерекшеліктерін тамашалап ұлы Отаныңды сезіну керемет ғанибет екені анық. Осындай саяхаттарға шыққан жасөспірімдердің көзбен көріп рухани алған ісерлерінен бір мысал келтірейін. Бұл өзіміз де кезінде бастан өткерген, бүгінгі балалар да Отан тақырыбына тебірене жазған сезім мен жүрек тебіренісі.

«Отан… Бұл сөз — әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз. Осы сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші? Отан – бұл біз тұрып жатқан жер. Отан деген – сенің туып өскен, кіндік қаның тамған жер, ата – анаң, досың. Отан - бұл біздің ата-әжеміз, әке-шешеміз, туыстарымыз. Әрбір жанға өзінің отбасы, туған-туыстары, жолдастары ыстық болса, «Отан» да адам баласына солай да ыстық. «Отан» десе адамның жүрегі езіліп, онан алар орны тым ерек болады. Мен үшін Отан – құндылықтарды, материалды тасымалдаушы емес. Бұл — жан сезімі! Сенің әрқашан оймен болса да оралғың келетін жердің рухани бұрышы. Мен оның шексіз болғанын, менің кішкентай және үлкен Отаным татулықта болғанын қалаймын. Мен әрқашан да Қазақстанда тұратын адамдарға жанымның жылуын, жүрегімнің отын сыйлауға дайынмын. Мен өз Қазақстанымды қалай жақсы көрмеймін? Мен өз Отанымды қалай мақтан тұтпайын? Ол мені өз құшағына алады, әрдайым жылулық сыйлайды. «Отан үшін отқа түс – күймейсің» – деген мақал бар. Отан – бұл менің Қазақстан Республикам, менің жүрегім.»

Расында да Отанына деген сезім – әр азамат үшін ең маңызды сезім. Оны Отан тақырыбына жазылған мектеп оқушыларының осындай алуан шығармалары, өлеңдері мен суреттері арқылы сезінуге болады. Менің Отаным – Қазақстан. Отан дегеніміз — туып өскен жерің. Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным — сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке — Қазақстан. Қазақстан дегенде көз алдыма шалқыған жайлау, түтіні бұрқыраған ауыл, жазық дала елестеп, бақтағы бұлбұл құстың үні мен айдын көлдегі аққу құстың қиқулаған даусы құлағыма келеді. Қазақстан — Қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Отыны бар әрбір қазақ осылай мақтана алады. Мақтанып жүреді.

«Отан» деген сөздің құдіреті қандай керемет! Елден жырақта жүріп Отаның барын сезіну қандай ғанибет десеңізші…

Туған жер атамекенім алтын бесігім. Атамекен деген — туған тіл, ата салт-дәстүр, еліңнің тарихы, байлығы, мектебің, үйің – бәрі-бәрі. Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны өткенімен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда Отанға деген махаббат сезімі оянады. Жер Ана, атамекен, туған жер, ауылым деген ұғымдар бір-бірімен тамырлас, әрі тағдырлас. Әрбір адамзат баласының туған жері бәрінен де қымбат. Себебі, кіндік кескен жерінде өсіп, суын ішіп, ауасымен тыныстайды, табиғатымен біте қайнасып адам болып қалыптасады.

Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың : «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек» деген сөздері әр қазақтың есінде болса екен деймін.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Махат Садық

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT