«Османның құрылуы» атты түрік сериалында қобыз тартқан Ержанмен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жақында Facebook-та Түркия сериалдарының бірінде домбыра мен қобыз шерткен екі адамның видеоүзіндісі шарлап кеткен болатын. Түріктің әйгілі актеры Бурак Өзживит басты рөлді сомдайтын сериалда қобыз тартып отырған жігіт – жаңақорғандық Ержан Арқабай екен. Түркияда жүрген отандасымызбен байланысқа шығып, Осман империясының құрылу тарихын баяндайтын сериалдың жобасына қалай келгенін біліп көрген едік.

Ержан Арқабай Түркияға 2014 жылы магистратурада оқу үшін барған. Бір жыл өткеннен кейін Коньядағы Неджиметтин Эрбакан университетіне түсіп, «халық музыкасы» бөлімін былтыр бітірген. Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Ержан Түркияда жүрген кезде Арсланбек Сұлтанбеков атты ноғай азаматымен танысады. Арсланбектың ол тұста «Домбыра» атты өлеңі Түркияда біршама танымалдыққа ие болып тұрған кез. «Домбыра» әнін саяси партиялардың өкілдері, тіпті «Фенербахче» футбол клубы да алаңға шырқап шығып жүрген шақ.


Көп өтпей Ержан да қазақтың тарихи күйлерінен құралған Dijital альбомын жарыққа шығарыпты.

Ал Арсланбек пен Ержанды тарихи сериалға түсуге «Bozdağ Film» киностудиясы шақырған екен.

2019 жылы аталған киностудияның тапсырысымен 12 әннен тұратын альбом жазылған. Альбомға Сүгірдің термесі де енгізілген.

«Биыл Қазақстанда болған едім. Арсланбек ағамыз қайтадан Түркияға шақырып алды. Енді қазір бірлесе жазған альбомның клиптерін түсіріп жатырмыз. Өткенде Жүніс Әміренің «Жалған дүние» атты өлеңіне, одан кейін Ыстанбұлдың алынуына байланысты клипті де жарыққа шығардық. Телесериал жұмысына осылай бірте-бірте келдік. Альбомда «Осман бей» атты ән бар. Негізі ол әннің түпнұсқасы Асекеңнің өз туындысы «Қосай» деп орындап жүрген болатын. Ақыры осы өлең телесериалға енгізілді. Өлең қобыз және домбырамен, сондай-ақ ұрмалы аспаптармен орындалды», - дейді Ержан Арқабай.

«Османның құрылуы» сериалындағы басты рөлді (Осман бей) түріктің танымал актеры Бурак Өзживит сомдайды. Киногерлер Ержан мен Арсланбектің домбыра мен қобыздың үнін үйлестіріп, Түркия көрерменін таң-тамаша қылып жатқанын көріп, бұл музыкалық синтезді алдағы уақытта тарихи сериалдардың саунтрегіне жарату керектігін айтып жатқан көрінеді.


«Осыған дейін «Ертұғырыл» сериалы түсіріліп, ол әлем елдерімен бірге Қазақстанда да халықтың назарына ілінгенін білесіздер. Енді Түркияда жаңа жоба қолға алынды. Осман империясын құрған Ертұғырылдың ұлы Осман бей жайында қазір сериал түсіріліп жатыр. «Османның құрылуы» телесериалы сол кезеңдегі түрік халқының басынан өткен қиындықтар мен жаугершілік заманды сипаттайды. Бурак Өзживитпен қатты байланысқа түсе қоймадық. Коронавирус індетіне байланысты түсірілім барысында да әлеуметтік қашықтықты сақтап жүрміз. Сериал осыдан бір апта бұрын түсіріліп, көп өтпей көрсетілімге берілді. Түсірілім тобында біршама актермен танысып үлгердік. Мысалы, Аяз деген рөлді сомдайтын Атила Гюзаль грек-рим күресінің балуаны болған екен. Грек-Рим күресі бойынша халықаралық жарыстардың жүлдегері әрі досым Нұрмахан Тінәлиев чемпионаттардың бірінде Атиламен күрескен екен. Міне, осылайша, ортақ досымызды да тауып алдық», - деген Ержан сериалдың қай бөлігінде ойнайтынын да айтып берді.

Ержан мен Арсланбек «Османның құрылуы» сериалына Осман бейді ұлықтау тойына арнайы шақырылған жырау ретінде қатысады.

«Қобыз адамның ішкі жан-дүниесіндегі сезімін бере алса, домбыраның екпіні рухты асқақтатады. Кеше Facebook-тегіпарақшама бір кісі «түріктің сериалында домбыра неғып жүр» деп сыни пікір қалдырыпты. Әйтсе де, мен бұл пікірді құптай алмаймын. Неге десеңіз, домбыра – екі мың жылдан астам тарихы бар аспап. Академик Ахмет Жұбанов бастаған ағаларымызға және осы уақытқа дейін қазақтың 5 мыңға тарта күйін сақтап қалған халық композиторларына, орындаушыларына мың да бір рахмет. Мәселен, басқа түбі бір түрік халқының ішінде мұндай мұрасын қазақтай ғасырдан ғасырға жеткізгендері некен-саяқ. Домбыраны біздің ел қоңыр күйімен, дәстүрлі әнімен бүгінгі ғасырға дейін алып келді. Енді ұлттық аспабымыз түбі бір туыстас елдердің ортақ құндылығына айналып келе жатыр. Қуану керек деп ойлаймын. Түріктерге домбыра жат емес. Мұнда ұлттық аспабымызды бағламаның атасы деп біледі. Мысалы Еуропа жұрты домбыраны түріктердей қабылдай алмасы анық. Оның себебі – текте», - дейді ол.

Ержан Арқабай Түркиядағы қандастарымызбен жақсы қарым-қатынаста. Мұстафа Өзтүрік ағамыздың шәкірттерімен тығыз байланыста екен. Ондағы қазақ бауырларымыз Ержанды тойға шақырып күй тартқызып, домбыраның әсем әнімен сусындайтын көрінеді. Отандасымыз олардың үйіне қонаққа да жиі барып, қандастармен байланысты үзбеуге тырысады.


Соңғы жаңалықтар