Өскеменнің бұрынғы әкімі Вера Сухорукова өмірден озды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Вера Сухорукова дүниеден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында қазіргі қала әкімі Жақсылық Омар өзінің Instagram парақшасында мәлім етті.

«Бүгін кешкісін Өскемен қаласының құрметті азаматы Вера Николаевна Сухорукова мезгілсіз дүниеден өтті. Вера Николаевнаның жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Әкімдікте марқұммен қоштасу және жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін арнайы комиссия құрылды. Оның жай-жапсарын кейінірек хабарлаймыз» деп жазды Жақсылық Омар.

Вера Сухорукова 1951 жылдың 10 тамызында Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында туған.

1973 жылы Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтын бітіріп, «инженер-экономист» мамандығын алып шыққан.

1973-1996 жылдар аралығында қазіргі Қарағанды облысында аға экономист, нұсқаушы, қалалық комитет басшысы, облыстық атқарушы комитеті төрағасының орынбасары, Жезқазған облысы әкімінің орынбасары секілді бірқатар қызметтерді атқарды.

1996-1999 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық экономика басқармасының бастығы, «АБС-Шығыс» ЖШС жетекшісі болды.

1999-2003 жылдары Өскемен қаласын басқарды.

2003-2004 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.

2007-2014 жылдары - «Ертіс» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

2014 жылдан бері «Азия Авто» АҚ басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарып келді.

Вера Сухорукова 2004-2007 жылдары Мәжіліс депутаты болған.

«Құрмет» орденінің және «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері.


Соңғы жаңалықтар