Өскеменде жаңа инфекциялық госпиталь ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында жаңа инфекциялық госпиталь ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Асқар Хорошаш COVID-19 инфекциясының таралу қаупін азайту және қауіпті дертті жұқтырғандармен байланыста болғандарды уақтылы іздеу, сондай-ақ оларды оқшаулау үшін медициналық-эпидемиялық бригадалар құрылғанын айтты.

«Бүгінде өңір бойынща 40 инфекциялық стационар дайындалған. Толықтай жабдықталған 6 мыңнан астам төсек-орын ұйымдастырылды, оның 399-і реанимациялық. Инфекциялық стационарларға барлығы 696 пациент жатқызылды, олардың 76-сы ауыр, қалғандары орташа ауыр халде. Карантин стационарларында 19 адам жатыр», - деді ол.

Өскеменде үшінші деңгейдегі инфекциялық төсек-орын санын арттыру үшін осы аптада 150 төсектік жаңа инфекциялық госпиталь ашу жоспарланып отыр. Бұл ғимаратқа жақында күрделі жөндеу жүргізілген.

«Науқастарды орналастыру үшін стационарлар жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталықта және №4 қалалық ауруханада, Семейдегі жұқпалы аурулар ауруханасында, Жарма, Катонқарағай, Ұлан, Глубокое, Күршім және Тарбағатай аудандарының ауруханаларында жөндеу жұмыстары жүргізілді», - дейді Асқар Хорошаш.


Соңғы жаңалықтар