Өскеменде жалған кәсіпкер мемлекетке 852 млн теңге салық төлемеген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының тұрғыны қаражатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаржы мониторингі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыс орындамай, қызмет көрсетпей, тауарды тиеп-жөнелтпей шот-фактура жазу фактісінің жолын кесті.

Жедел іздестіру шараларының барысында күдіктінің екінші деңгейлі банкте ақша қаражатын жүйелі түрде қолма-қолға айналдырып отырғаны анықталды

Өскемен қаласындағы бір банкте 14,9 миллион теңге көлеміндегі ақша қаражатын қолма-қолға айналдыру барысында жалған кәсіпорын басшысы ұсталды.

Өскемен тұрғыны 2015-2019 жылдар аралығында жалған 4 кәсіпорынды туыстары мен таныстарына тіркей отырып, жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берумен айналысқан. Бұл кәсіпорындарда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін автокөлік, үй-жай, өндірістік техникалық база және қызметкерлер штаты болмаған.

Жалған фирма басшыларының қаржы шаруашылық мәселесімен айналыспағаны, бухгалтерлік есеп жүргізбегені және салық есебін тапсырмағаны анықталды.

Іс жүзінде фирмалар қылмыстық іс-әрекетті жүзеге асыру үшін, контрагенттерге салықтан жалтару үшін жалған есепшот жазып берумен айналысқан.

Нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түрінде 852,5 млн теңге көлемінде шығын келгені анықталды.

Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен айыпталушы ҚР ҚК 28 және 216 баптарының 3-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар