Өскеменде үйінен қашқан 8-сынып оқушысы Алматыда тұрмысқа шығып кеткен

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда үйінен қашқан жеткіншек қыз Алматыда тұрмысқа шығып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім еткендей, Өскеменде 48 жастағы әйел қыркүйекте қалалық полиция басқармасына хабарласып, кәмелетке толмаған қызының жоғалғанын жеткізген.

Оның 8-сыныпта оқитын қызы маусым айының соңында үйден кетіп қалған. Әйел қызды Алматыдан тауып, үйіне алып келуге бел буған.

Қаладан шығар алдында жанармай бекетіне тоқтаған сәтте оның қызы қайтадан қашып кеткен.

19 қыркүйекте жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында ШҚО ПД криминалдық полиция қызметкерлері Алматыдан жасөспірім қызды тапқан.

Онымен сөйлескен жедел уәкілдер оның үйден өз еркімен кеткенін анықтаған.

Ол Алматыда өмір сүргісі келіп, сығандар дәстүрі бойынша тұрмысқа шығып кеткен. Тәртіп сақшылары оны ата-анасының үйіне қайтарды.

Осы қыркүйекте полиция тағы бір кәмелетке толмаған адамды тапты.

Тамыз айында Семей қаласының полиция басқармасына 20 жастағы жас жігіт 17 жастағы қарындасы 17 тамыз күні таңертең үйден шығып, содан кейін оралмағанын хабарлаған.

Қыздың қалтасындағы ұялы телефон сөндірулі болған.

20 қыркүйек күні криминалдық полиция қызметкерлері оны Нұр-Сұлтан қаласынан тапты. Бойжеткен жұмысқа орналасуға ниеттеніп жүрген.

Еске сала кетейік, кеше Семейде тұратын 14 жасар қыздың «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы көрші қалада тұратын жігітпен танысып, онымен кездесу үшін үйінен қашып кеткенін жазған болатынбыз.

Жасөспірім тәртіп сақшыларына үйден өз еркімен кеткенін айтқан, оның себебі - ата-анасымен бірге тұрғысы келмейді.

Соңғы жаңалықтар