Өскеменде төрт қабатты Теннис орталығы салынып жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Даниал Ахметов Өскемендегі бірнеше құрылыс алаңын аралады. Атап айтқанда, әлемдік стандартқа сай бой көтеріп жатқан төрт қабатты Теннис орталығының құрылысымен танысты.

Облыс әкімінің айтуынша, елімізде дәл мұндай Теннис орталығы бұған дейін салынбаған. Онда негізгі залдан бөлек жаттығу орны, қонақтарға арналған жайлы демалыс аймағы мен дене шынықтыру диспансері болады.

«Қазір ішіндегі бөлмелер мен жабдықтардың қалай орналасатынын нақтылау керек. Бұл – өте маңызды. Сол үшін біз жобалық жұмыстарға жаттықтырушыларды тарттық. Олардың қатарында дарынды спортшылардың бірнеше буынын тәрбиелеген Сергей Литвинов бар», - деді облыс әкімі.

Содан кейін ол қарағандылық компания салып жатқан «Satti Citу» тұрғын үй кешеніне барды. Даниал Ахметов жалпы кешендегі құрылыс процесіне көңілі толмайтынын айтты.

«Өкінішке қарай, Өскемендегі басқа да көптеген құрылыс алаңдарында өндіріс мәдениеті жоқ. Шашылған қоқыс, техникалық қауіпсіздік пен басқа да құрылыс жүргізу талаптары сақталмайды. Жұмысшыларға да жағдай жасалмаған», - деді әкім.

Аймақ басшысы осы ретте бірегей Гематология орталығын үлгі етті. Оны салғанда бәріне ыңғайлы әрі қауіпсіз болу үшін тиісті жағдайлар жасалған.

«Мен құрылыс компанияларына алаңдарды он күн ішінде ретке келтіруді тапсырдым. Сол уақыттан кейін әр нысанды қайта тексеремін», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар