Өскеменде терек мамығы гараж бен екі көліктің өртенуіне себепші болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері терек мамығының жануының 18 жағдайын анықтады. Бұл туралы өрт қауіпсіздігі шаралары және балалардың терезеден құлау фактілері бойынша өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір терек мамықтарының жану фактілері жиілеп кетті. Қазір терек ағаштарының гүлденіп жатқан кезі. Осыған қарай терек мамығы жануының 18 жағдай тіркелді. Жанған аумақ 104 шаршы метрді құрады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқарма бастығының міндетін атқарушы Еркін Отарғалымұлы.

Оның айтуынша, кеше Өскемен қаласында терек мамығының жануы салдарынан гараж бен оның ішіндегі екі автокөлік өртеніп кеткен.

«Осындай мәселенің алдын алу мақсатында елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарға бірқатар кеңес береді. Біріншіден, отты пайдаланған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Екіншіден, жасөспірімдердің сіріңкемен терек мамықтарын жағу фактілерінің алдын алу керек. Үшіншіден, терек мамығы көп шоғырланған саяжай, жер үйлердің маңында тазалық жұмыстарын жиі жүргізіп тұру керек. Қала аумағында өрт қаупі кезеңі басталғалы өртке қарсы қызмет 49 рет шақырту алған. Жалын шарпыған аумақ 10,6 мың шаршы метрді құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен төмен, дегенмен қауіпсіздік ережелерін сақтауға аса мән берген дұрыс», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар