Өскеменде отқа оранған үйден мүгедек әйел құтқарылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында өрт шыққан жер үйден мүгедек әйел құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қызыл жалын Дмитров көшесінде шыққан. Мұны байқап қалған көршілердің бірі шұғыл өрт сөндірушілерге қоңырау шалған.

«Оқиға орнына келген құтқарушылар жанып жатқан үйге кіріп, мүгедек әйелді сыртқа алып шықты. Бірден ол жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды», - делінген хабарламада.

Көп ұзамай өрт сөндірушілер жалпы аумағы 90 шаршы метрді шарпыған жалынды ауыздықтады. Осылайша, үйге жапсарлай салынған шаруашылық қора-жайларға оттың таралуына жол берілмеді.

Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себеп болуы мүмкін.

Осы ретте, ТЖД мамандары электр аспаптары мен электр сымдарын жарамды күйде ұстап, электр желілерін шамадан тыс жүктемеу керектігі туралы еске салады. Сондай-ақ өрт шыққан жағдайда дереу «101» немесе «112»телефондарына хабарласу қажет.


Соңғы жаңалықтар