Өскеменде алаяқ біреудің пәтерін 3 млн теңгеге сатып жіберген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында өзгенің пәтерін 3 млн теңгеге сатып жіберген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ертіс полиция бөлімшесіне 48 жастағы қала тұрғыны жүгінген.

Өз сөзінде ол пәтер сататынын айтып сендірген танысына 3 млн теңге бергенін жеткізді.

«Алаяқ ер адамға пәтерді арзан бағамен сататындығын айтқан. Қолында тұрғын үй құжаттары болмаған ол жалған құжат жасатты. Жәбірленуші бұған сеніп, сұраған ақшаны бергеннен кейін пәтер иелері келіп, үйдің сатылмағанын хабарлаған», - деді басқарма бастығы Андрей Мула.

Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері 52 жастағы қала тұрғынын ұстады.

Өз кінәсін толық мойындаған ол ақшаны жұмсап үлгерген.

Қазіргі уақытта полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар