Өскеменде 2022 жылы Гематология орталығы ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – 2022 жылы Өскемен қаласында еліміздегі тұңғыш Гематология орталығы жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын қарадым. Алдағы бес жылда бұл саладағы жұмыс төрт негізгі басым бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші ең маңызды бөлім – ана мен баланы қорғау. Бүгінде барлық ауылдық ұйымдар бірінші деңгейге ауысып, бұрынғы және қазіргі аудан орталықтарының 19 медициналық мекемесі екінші деңгейге өтеді. Аталған жобаны іске асыру үшін 5,1 млрд теңгеге медициналық жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр», - деді ол.

Облыс бойынша әйелдердің тек 40% жергілікті жерде, қалғандары Семей мен Өскеменде босанады. Глубокое ауданында бұл көрсеткіш – 15%, Күршімде – 29%, Тарбағатайда – 38%, Қарауылда – 24%, Үлкен Нарында – 20%, Бесқарағайда – 12%, Серебрянскіде – 10%, Курчатовта – 8%. Ал Үржар мен Мақаншы ауылдарында әйелдердің 76% өз ауруханаларында босанады.

«Бұл бағдарламаны іске асыру нәтижесінде әйелдердің 75% өз ауылдарында сәбилерін дүниеге әкеледі. Кешенді жұмыстың арқасында біздің облысымыз сәби өлімі көрсеткішінің төмендеуіне қол жеткізді. Биылдың екінші тоқсанынан бастап ана мен бала денсаулығы саласындағы медицина қызметкерлерін үш деңгейлі бағдарлама бойынша оқыту жалғасады. Жалпы үш жыл ішінде 1970 маман қайта даярлаудан өтті. Өскемендегі Ана мен бала орталығында және Семейдегі перинаталды орталықта шала туған немесе ерте неонаталдық кезеңде қиын жағдайға тап болған балаларға жоғары білікті мамандандырылған көмек көрсету үшін катамнез кабинеттері ашылды», - деді Даниал Ахметов.


Оның айтуынша, 2022 жылы Өскеменде еліміздегі жалғыз Гематология орталығы ашылады. Осылайша, науқастарды диагностикалау және емдеу үшін бірыңғай көпбейінді орталық құрылмақ.


Соңғы жаңалықтар