Өскеменде 11 шілдеге дейін карантин шаралары күшейтілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында 27 маусымнан бастап 11 шілдеге дейін карантин шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 25 маусымдағы қаулысында жазылған. Құжаттағы деректерге сәйкес, соңғы тәулікте вирус жұқтырғандар саны 25,4%-ға, ал апта көлемінде 16,6%-ға артты.

Осыған байланысты тұрғындар жеке көлігімен жұмыс күндерінде мемлекеттік нөмірдің соңғы санының «жұп» және «тақ» болуына байланысты жүреді.

Сондай-ақ жеке көлік құралдарымен түнгі сағат 22:00-ден 05:00-ге дейін, бұдан бөлек мереке және демалыс күндері жолға шығуға тыйым салынған. Тұрғындардың қозғалысы да тек рұқсаттама арқылы жүзеге асады.

Шаһарда спорт, концерт және адам көп шоғырланатын басқа да іс-шараларды өткізуге әлі де рұқсат берілмейді. Сауда нысандарының жұмыс уақыты шектеледі. Мысалы, азық-түлік саудалайтын дүкендер сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, ал моншалар мен сауналар 15:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Алайда азаматтарға демалыс күндері жеке көлігмен «жұп» және «тақ» қағидаты бойынша саяжай мен бау-бақша учаскелеріне баруға рұқсат етілді.

Сонымен қатар қоғамдық көлік жұмыс күндері 50%-ға қысқартылса, демалыс пен мереке күндерінде мүлде жүрмейді.



Соңғы жаңалықтар