Өскемен тұрғыны суға батқан 14 жасар қызды құтқарып қалды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғыны суға батып бара жатқан 14 жасар қызды құтқарып қалды , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Виктор Землянухин туыстарымен бірге «Ермак» бау-бақша қауымдастығы маңында орналасқан су қоймасына демалу үшін келген.

Көмек сұрап айқайлаған дауысты естіген жігіт дереу су жағасына қарай жүгірді.

Жағада бірнеше адам жүзе алмағандықтан не істерін білмей абдырап тұр екен. Олар Викторға 14 жасар қыздың суға батып бара жатқанын жеткізеді.

«Жылдам әрекет ету керек болды. Ойланбастан суға сүңгідім. Алайда су түбі лай болғандықтан түк көре алмадым. Содан кейін ауа жұтып алып екінші рет сүңгіген кезде қызды көріп қалдым да, оны жағаға сүйрей бастадым. Судан шығарған соң жасанды тыныс алдырып, жүрекке массаж жасадым. Анам Элла Землянухина мені алмастырып, жедел жәрдем келгенше кезек-кезек көмек көрсеттік», - дейді бейбіт күннің батыры.

Осылайша, қыз аман қалды. Оның өміріне ешқандай қауіп төніп жоқ.


Соңғы жаңалықтар