Өскемен мен Семей қаласындағы мектептер қашықтан оқу форматына көшуі мүмкін

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен мен Семей қаласындағы мектептерді қайтадан қашықтан оқыту форматына көшіру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан мектептеріндегі эпидемиологиялық жағдай бүгін облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланды. Биылғы оқу жылының басынан бері мектеп оқушылары арасында коронавирус жұқтырғандар саны 1723-ді құраған. Оның ішінде 1172 бала қашықтан оқыды. Балалардың көбісі үйде, ата-аналары мен басқа туыстарынан жұқтырған. Бүгінгі таңда қауіпті дертке шалдыққан 1635 оқушы жазылып шықты.

«Төртінші тоқсанның басынан бастап аймақта штатты және аралас форматта оқитын балалар саны 26%-ға өсті. Санитарлық-эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Атап айтқанда, мектептер аумағы блоктарға бөлініп, олардың арасында жүруге тыйым салынған. Әр сыныпқа жеке кабинет бекітілді. Коронавирус жұқтырудың әрбір жаңа жағдайына жіті тексеру жүргізіледі», - деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Алайда соған қарамастан сәуір айында мектеп жасындағы балалар арасында вирусқа шалдығудың 131 фактісі тіркелген. Оның ішінде 92 оқушы оффлайн режимде оқыды. Вирус жұқтырғандардың көпшілігі Семей (70) мен Өскеменде (41) анықталды.

«Науқас балалардың өсуіне байланысты профилактикалық шаралар күшейтілуде. Енді бір баладан инфекция анықталса бүкіл мектеп қашықтан оқытылады. Осы ретте, Өскемен мен Семей шаһарларындағы білім ордаларын онлайн форматта оқытуға көшіруді ұсынамыз. Өйткені мектептерде балаларды кіші топтарға бөлуге орын жеткіліксіз», - деді басқарма басшысы.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов аталған ұсыныстан бірден бас тартып, мәселенің себеп-салдарын мұқият зерттеуді тапсырды.

«Семейде Өскеменге қарағанда халық саны аз. Бірақ сонда да оқушылар арасында коронавирусқа шалдыққандар көп. Бұл Семейдегі білім беру жүйесінде олқылықтар бар екендігін көрсетеді. Оның орнын толтыру үшін қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Білім басқармасы тиісті шараларды атқару керек», - деп қорытындылады әкім.


Соңғы жаңалықтар