Өскемен әкімі желіде халық наразылығын тудырған хабарламасына түсініктеме берді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Instagram желісіндегі жеке парақшасындағы жазбасына қатысты түсінік берді. Ол парақшасына пікір қалдырған желі қолданушысына «осы сөзің үшін жауап бересің» деп жазған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Sandra_ouz бүркеншік есімді азамат Өскемен қаласы әкімінің «осы сөзің үшін жауап бересің» деп жазғанын скриншотқа түсіріп желіге жариялаған. Оның жазуынша, танысының сыни пікіріне қатысты қала басшысы осындай хабарлама жіберген.

Көп ұзамай Жақсылық Омар не себепті солай жазғанын түсіндірді.

«Кеше әлеуметтік желіде менің жеке басыма қатысты ешқандай фактілерге сүйенбей, құр эмоциямен жазылған пікірді көрдім. Мені қала басшысы ретінде екіжүзді деп айыптау қорлық деп санаймын. Әрине, өзімнің ар-намысыма тиген мұндай дәлелсіз сөзді елеусіз қалдыра алмаймын. Оның үстіне, сол адамға біреуді қорлаудың жауапкершілігі болатындығы туралы ескерткенмін. Ал ол мұны қорқыту деп қабылдады. Мен әрдайым дәлелді, негізі бар талаптарды тыңдауға дайынмын. Бірақ барлығыңыз сияқты жеке басыма қатысты қорлыққа шыдай алмаймын», - деді ол.

Әкім өзінің жазбасына пікір қалдырған азаматты заң аясында жауапқа тартқысы келетіндігін жеткізді.

«Мұндай қорлық атқарушы билік пен халық арасындағы тиімді диалогқа жат. Бұл оқиғаға түсіністікпен қарап, объективті баға береді деп сенемін», - деді Жақсылық Омар.


Соңғы жаңалықтар