Оскар-2020 жеңімпаздарының толық тізімі жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 92-ші Оскар сыйлығының жеңімпаздары арасында оңтүстіккореялық фильм топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Режиссер Пон Чжун Хе түсірген «Паразиттер» триллер элементтері бар комедиялық-драмалық фильмі Оскардың 6 номинациясына ілінген еді. Нәтижесінде шығармашылық топ «Үздік фильм», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік түпнұсқа сценарий», «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациялардында 4 мүсіншені иеленді.

Британдық режиссер Сэм Мендестің «1917» көркем фильмі 10 номинацияға ұсынылып, оның үшеуінде ғана жеңіске жетті. Бірінші дүниежүзілік соғысты бейнелейтін бұл туынды «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік дыбыс монтажы» және «Үздік визуалды әсер» сыйлықтарына лайық деп танылды.

Көпшіліктің талқылауына түскен «Джокер» психологиялық триллері екі мүсіншені қанағат тұтты. Бұл фильм 11 номинацияға ілігіп, бәсекелестері арасында көш бастаған еді. Әділ қазы шешімімен, басты рөлдегі Хоакин Феникс «Үздік актер» атанып, виолончелист Хульдир Гуднадоуттир «Фильмге үздік музыка» сыйлығымен марапатталды.

Аңызға айналған режиссер Квентин Тарантиноның «Бір күні... Голливудте» драмасы да 10 мүсіншеден үмітті еді. Бірақ, 70-жылдарды көрсеткен фильм «Үздік суретші жұмысы» аталымында топ жарды және онда каскадер рөлін сомдаған Бред Питт «Екінші пландағы үздік актер» атанды. Бұл – Б. Питтің актерлік шеберлігі үшін берілген алғашқы Оскар. Одан бөлек, бұл рөлі үшін актер Бафта, Алтын Глобус және актерлер гильдиясын да алған болатын.

Көлік шығаратын қос алыптың текетіресін көрсеткен «Ford Ferrari-ге қарсы» биографиялық драмасы 4 номинацияда жеңімпаз атанауы мүмкін еді. Бірақ, Оскар төрешілері «Үздік монтаж», «Үздік дыбыс монтажы» жүлделерін ғана берді.

Екінші дүниежүзідік соғыстағы нацистік Германияны бейнелеген «Джоджо қоян» жалғыз «Үздік бейімделген сценарий» аталымында топ жарды.

АҚШ-тағы азаматтық соғыс кезеңін көрсеткен «Кішкентай әйелдер» драмасы «Үздік костюм дизайны» мүсіншесімен марпатталды.

«Неке тарихы» трагикомедиясында адвокаттың рөлін сомдаған 53 жастағы Лора Дерн «Екінші пландағы үздік актриса» атанды.

«Зорлық-зомбылық» тақырыбын көтерген америкалық «Скандал» драмасы «Үздік грим мен шаш үлгісі» жүлдесімен марапатталды.

ХХ ғасырдың жарық жұлдызы болған, америкалық актриса Джуди Гарлендтің рөлін сомдаған Рене Зеллвегер «Үздік актриса» мүсіншесін жеңіп алды. Бұған дейін Р. Зеллвегер 2003 жылы «екінші пландағы үздік актриса» жүлдесімен марапатталған еді.

Өз кезегінде «Үздік анимациялық фильм» аталымында «Ойыншықтар тарихы-4» мультфильмі топ жарды. Шериф Вудидің қызықты оқиғалары 1995 жылдан бері түсіріліп келеді.

«Фильмге жазылған үздік ән» номинациясында «Рокетмен» фильміндегі «Love Me Again» әні үздік деп танылды. «Рокетмен» - танымал әнші Элтон Джонның өмірі мен шығармашылығына арналған биографиялық туынды.

Одан бөлек, 10 номинацияға ілінген «Ирландец», 3 номинациядағы «Қос әкей», «Жұлдызды соғыс», «Гарриет», «Атақ пен ауру», «Бал елі» фильмдері бірде-бір жүлде алмады.


Соңғы жаңалықтар