Өрттен зардап шеккен Көктөбе бөктеріне көшеттер отырғызылады
Б.Сағынтаев сенбілікке Наурызбай және Алатау аудандарындағы №200 және №800 мектептердің оқушыларымен бірге қатысты. Бұл күні жалпы 110 мектепте жоғары сынып оқушылары, ата-аналар мен педагогтар 4360 көшет отырғызды.
«Оқушылармен бірге олардың ата-аналары да келгені қуантады. Олар қоршаған ортаға бей-жай қарамайтыны көрініп тұр. Біздің үндеуімізге қосылып, көгалдандыру жұмыстарына белсене кірісті. Олар өз ағаштарын суарып, күтіп ұстайтын болады», - деді шаһар басшысы.
«Өз болашағымызды туған қаламызбен байланыстырамыз. Алматы бүгін де, келешекте де экологиялық тұрғыда жайлы болып, ғаламшардағы ең жасыл қала болып қала бергенін қалаймыз», - деді балалар акция барысында.
Бүгін, 13 қазан күні өрттен зардап шеккен Көктөбе бөктеріне көшеттерді отырғызу шарасы өтеді. Бұған дейін Мохнатка тауының етегіне Шренка шыршасының 50 мың түп көшеті отырғызылған болатын.