Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі – Мемлекет басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында бауырлас елдермен бірлесіп, Түркі кеңесін толыққанды ұйымға айналдырдық. Осылай түркі тілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталды. Қазақстан алып құрлықтың дәл ортасында тұр. Бұл географиялық тұрғыдан тиімді. Біздің төңірегімізде бейбітшілік белдеу қалыптасты. Ел ішіндегі ахуал тұрақты. Сырты экономикалық қарым-қатынасқа барынша ашықпыз. Мұның бәрі инвесторлар үшін өте қолайлы жағдай. Бүгінде Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан осының арқасында өңірдегі экономикалық көшбасшыға айналып отыр.

«Үкіметтің және дипломаттардың алдында тұрған аса маңызды міндет - аймақтың көшбасшылық рөлін одан әрі нығайту. Осы жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Бүкіл әлемді пандемия жайлағанына 2 жылға жуықтады. Оның салдары Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Біздің дипломатиялық корпус осы күрделі кезеңде жоғары деңгейде қызмет етті. Шетелдегі мыңдаған азаматымызға көмек көрсетті», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев осынау күрделі кезеңде дипломаттардың тынымсыз еңбек еткенін атап өтті.

«Сыртта қалып қойған отандастарымызды елге алып келу үшін олар тиісті жұмысты атқарды. Дипломаттарымыздың арқасында Қазақстанға гуманитарлық көмек жеткізілді. Біз де бірқатар мемлекеттерге қолдау көрсеттік. Вакциналық дипломатияның арқасында Орталық Азиядағы індетке байланысты ахуалды тұрақтандыруға үлес қостық. Түрлі қиындыққа қарамастан, сіздер алдымызда стратегиялық міндеттерді орындап келесіздер», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар