Орталық Азия СІМ өкілдері қауіпсіздік мәселелерін талқылады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ-ның Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы бойынша өңірлік орталығының (БҰҰ ОААДӨО) ұйымдастыруымен өткен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің орынбасарларының жыл сайынғы кездесуіне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысқа Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ БҰҰ ОААДӨО басшысы - БҰҰ Бас хатшысының арнайы уәкілі Наталья Герман, БҰҰ-ның бірқатар жоғары лауазымды өкілдері және АИР бойынша арнайы сессиясына Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Нахид Эсар бастаған ауған делегациясы қатысты.

Іс-шара барысында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке өңірлік және ұлтаралық сын-қатерлер, өңір елдері және БҰҰ ОААДӨО-ның осы сын-қатерлерді шешу жөніндегі бірлескен жұмысының нәтижелері, сонымен қатар өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Е.Ашықбаев өз сөзінде Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің өңірлік жақындасуының кеңеюін әрдайым қолдайтынын және өзара сенім мен ортақ мүдделерді құрметтеуге негізделген өңірдің саяси және экономикалық тұрақты, қауіпсіз дамуына еліміздің ерекше қызығушылығын атап өтті. Ол Орталық Азия кезігіп отырған бірқатар қауіп-қатерлерге және оларға төтеп беру шараларына тоқталды.

Өңірдегі негізгі сын-қатерлердің қатарында терроризм мен экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы және трансұлттық қылмыс, адам саудасы, су-энергетика және экологиялық мәселелер, транзит және әлемдік нарыққа шығу мәселелері атап айтылды.

Жалпы, спикерлер өңірлік ынтымақтастықтың даму динамикасын оң бағалап, оған маңызды серпін Нұр-Сұлтан мен Ташкенттегі саммиттер болғанын атап айтты. Сонымен қатар, көрші Ауғанстанмен ынтымақтастықты нығайтудың және оны қауіп-қатер көзі ретінде емес, серіктес ретінде қабылдаудың маңыздылығына назар аударады.

Үкіметтер мен жастар арасындағы аймақтық үнқатысу жөніндегі БҰҰ ОААДӨО бастамасының аясында жастар өкілдерімен өңір дамуының болашағын талқылауға арналған жеке сессия болып өтті.

Осы форматта өткен кездесу өзін аймақтық сипаттағы мәселелерді талқылау және олар бойынша шешім қабылдау үшін тиімді тұғырнама ретінде көрсетті.

Сондай-ақ, іс-шара аясында Е. Ашықбаев өзінің Орталық Азиялық әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізіп, екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен түрлі форматтағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқыланды. Сыртқы істер министрінің орынбасары сонымен бірге БҰҰ Арнайы өкілі Н.Германмен кездесіп, Қазақстан Республикасы мен Орталық арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен тереңдетуді мәселелері бойынша пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар