Орталық Азия өңірінде мажар компанияларының мүмкіндіктері кеңейтілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мажарстанмен екіжақты сауданы ұлғайту арқылы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мажарстан – Орталық және Шығыс Еуропадағы біздің сенімді серігіміз әрі досымыз. 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезеңінде төрт жүзден астам Қазақстан азаматын отанына қайтаруға көмектескені үшін Мажарстан Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, «Gedeon Richter» мажар фармацевтикалық компаниясына 2020 жылғы желтоқсанда Қазақстанға COVID-19 індетімен күрестегі гуманитарлық көмек ретінде «Ардуан» препаратының 500 қаптамасын жеткізгені үшін алғыс айтқым келеді», - М. Тілеуберді.

Министрдің айтуынша, бүгінгі келессөздерде экономикалық өзара іс-қимылды тереңдету және екіжақты сауданы ұлғайту арқылы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығы аталып өтті. Энергетика, су шаруашылығы, білім беру салаларындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ Вышеград тобы (Орталық-Шығыс Еуропа) және Орталық Азия елдерінің транзит-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға ерекше назар аударылды.

«Бүгін Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында Мажарстан Экспорт-импорт банкі офисінің ресми ашылу салтанаты өтетінін қуанышпен атап өтеміз. Бұл Орталық Азия өңірінде мажар компанияларының мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге ықпал етеді», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі келессіөздерден кейін тараптар екі ел арасындағы бірнеше құжатқа қол қойды.


Соңғы жаңалықтар