Орталық Азия мемлекеттері бір жылға арналған су лимитін бекітті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 77-ші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында Орта Азия мемлекеттерінің басшылары 2019-2020 жылдар аралығындағы вегетациялық кезеңде пайдаланылатын судың шектеулі қорын бекітті.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 77-ші отырысына Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Сергей Громов, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстар комитетінің төрағасы Арман Тұрлыбек, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурстары министрлігі су-энергетика саясаты, ғылым мен техниканы дамыту басқармасының бастығы Далер Абдуразокзода, Түрікменстанның Су шаруашылығы мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Довлетмурад Маммедов қатысты.

Жиында Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндері бойынша 2019 жылғы вегетациялық кезеңде су қоймалары каскадтарының жұмыс режимі мен лимиттерін пайдалану қорытындылары талқыланды.

Келіссөз қорытындысы бойынша 2019-2020 жылдар аралығында Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндері бойынша елдердің су алу лимиттері мен су қоймалары каскадтарының болжамдық жұмыс режимі бекітілді.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының кезекті 78-ші отырысы Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында 2020 жылы өтеді.

Соңғы жаңалықтар