Ордабасылық шаруалар малдың қысқы азығын дайындауға қамдануда

None
None
ОРДАБАСЫ. ҚазАқпарат - Биылғы жылы қуаңшылықтан зардап шеккен Түркістан облысының шаруалары қолда бар малды аман алып қалу мен шем-шөп дайындау мәселесіне ден қойып отыр. Жазықтағы аудандардың жайылымы әлдеқашан түгесілген соң, қымбат болса да суармалы алқаптағы жоңышқаны сатып алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ордабасы ауданындағы шаруалар маусым айындағы шөптерін аймақтағы қиналған малшылар мен батыс өңіріне жөнелтсе, қазір үшінші және төртінші орымды қораларына жинап жатыр. Бадам ауылындағы «Жақсылық» шаруа қожалығы биыл 300 гектар жерге жем-шөп пен жүгері еккен. Алғашқы екі орымда гектарына 350 түкке дейін жоңышқа алған. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан шөптің шыққанына риза.

«Биыл сәлі құрғақтау болып келді жыл. Дегенмен де өнім жаман болмады. Әйтеуір су сәл тапшылау болды. Гектарына 300-350 тюк жоңышқа алдық. Жоңышқаны біз мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға саттық»,-дейді шаруа Серік Сахыпбек.

Жалпы Ордабасы ауданында жайылымды қоспағанда 33 мың гектар суармалы жер бар. Оның жартысынан астамына жоңышқа егілген. Көптің көңіліне демеу боп отырғаны да осы. Әрі бұл дақыл суды аса қажет етпейді. Ауданда бір қысқа 291 мың тонна мал азығы қажет болса, бүгінде 310 мың тонна дайындалған. Тұрғындар қолдағы жоңышқаның төрт түлікке жететінін жинап, қалғанын төмендеу бағамен басқа шаруашылықтарға сатуға көшкен. Ордабасылықтар қуаңшылықтан қысылған батыс өңірлеріне де шөп жөнелтіп үлгерді.

«Жалпы Ордабасы ауданынан 110 тонна мал азығы Маңғыстау облысына жіберілді. Бірінші, екінші орым алыс жақын аудандарға кетті. Қалған осы үшінші, төртінші орым өзіміздің ауданның тұрғындарына төменгі бағада алуға жұмыс жасадық. Қазіргі жинақталған мал азығының барлығы ауданға толық қамтамасыз етіліп отыр»,- дейді Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл.

Өңірдегі қуаңшылықтан қысылған Келес пен Сарыағаш аудандарының шаруаларына көршілес аудандардағы жайылым алқаптары ұсынылып, шабындық жерлер берілуде. Сондай-ақ, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» арқылы арзан бағамен 56 мың тонна жем сатып алу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар