Ордабасы ауданындағы «Халықтық кеңсе» жаңа жүйемен толықты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Ордабасы ауданында ашылған «Халықтық кеңсе» жаңа жүйемен жұмыс жүргізеді. Бұл жөнінде аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков сервистік әкімдік кеңсесінің ашылуында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрбол Тұрашбековтың сөзінше, «AIKEY» жүйесі тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді бағдарлама арқылы тиісті бөлімдерге жолдайды. Әрі мерзімін белгілейді. Арыз-шағымдарға жауап беру деңгейіне бағдарлама сараптама жасап, бөлім басшылары мен ауыл округі әкімдерінің рейтингісін түзеді. Тұрғындар тарапынан жазылған өтініштердің қаралу сатысы мен оны зерделейтін маманды да осы бағдарлама арқылы бақылап отыруға мүмкіндіктері бар. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Қарғабай Мирас бүгін осы жаңа жүйенің жұмысымен танысып, «Ашық әкімдік» қағидасында жұмыс жүргізу үшін бұл ең оңтайлы нұсқа екенін атап өтті. Қазіргі таңда «Халықтық кеңсеге» өтінішпен келген аудан тұрғындарына Ордабасы ауданы әкімдігіне қарасты 8 дербес бөлім қызмет көрсетеді. Жалпы 74 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 8 маман кеңес беріп, өтініш-тілектерін қабылдайды. Сонымен қатар, «Сервистік әкімдік» те «Халықтық кеңседе» орналастырылды. Сервистік әкімдікте халықтың өтініштерін қабылдау бойынша 2 оператор жұмыс істейді.

Айта кетейік, «Халықтық кеңсе» еліміздің Бас прокуратурасының бастамасымен облыстық прокуратураның, облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырған жоба. Жобаның мақсаты - азаматтардың мемлекеттік және құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру, олардың мәселелерін тиімді шешу, сапалы құқықтық қызметке «бір терезе» қағидасы бойынша қол жеткізу болмақ. Прокуратура, ішкі істер, әділет органдарының, облыс әкімдігі қызметкерлерінің, сондай-ақ қорғаушылар мен медиаторлардың кеңестерін алуға мүмкіндіктері бар.


Соңғы жаңалықтар