Орда пішінді орталық - әйгілі «Хан Шатырдың» құрылысы қалай жүргізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстандағы ең ірі әрі қайталанбас сауда орталықтарының бірі «Хан Шатырдың» ашылғанына 8 жыл толады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Хан-Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы 2010 жылдың 6 шілдесінде ресми түрде ашылған. Нысанның басты ерекшелігі - техникалық инновацияның көнеден сыр-шертер бет-бедермен ерекше үйлесуі деп айтуға болады. Сонымен бірге, зәулім ғимараттың полимерлі жабындысы арқылы сауда орталығының жанға жайлы ерекше климатын сезінесіз. Орталықтың ішінде температураны реттеудің көпсатылы жүйесі жұмыс істейді. Ғимараттың шатырының биіктігі 150 метрге (төбесіне дейін) жетеді.

«Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының бас директоры Энгин Асралан өз әңгімесінде Қазақстандағы заманауи символ-ғимараттардың бірінің іргесі қалай қаланғанын, құрылыс барысында қандай қиындықтар кездескенін айтып берді.

«Хан Шатыр» сауда орталығын салу идеясы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Осынау асқақ идеяны заманымыздың озық сәулетшісі, бірегей нысанның іргесін қалаушы Норман Фостер іске асырды. Фостер тек «Хан Шатырдың» ғана емес, елордадағы ең іргелі бірнеше ғимараттың да авторы екенін айта кету керек. 2010 жылы салтанатты түрде ашылған «Хан Шатыр» кере тартылған тростардың арқасында арнайы ашық төсемді ұстап тұрған сүмбіден тұрады. Төсемнің ерекше химиялық жабындысы шатырдың кеңістігін температураның ауытқуынан қорғап, нысан ішіндегі микроклиматты сақтап тұруға мүмкіндік береді. Осы және өзге де технологиялардың арқасында «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттардың қатарына енгізілді», - дейді ол.

Бас директордың айтуына қарағанда, нысанды тұрғызуды «Sembol Construction» түрік құрылыс компаниясы мойнына алған. Ғимарат басшысы дәл осындай мәнердегі нысан бірінші рет салынып жатқандықтан, оның барлық қыр-сырына, климат пен ауа райы жағдайына, дала желі мен өзге де факторларға баса маңыз берілгенін айтады.

«Астанада қараша айы басталғаннан кейін бірден аяз түсіп кетеді. Осы себепті, бетон бірінші қатып қала ма деген қауіп болған. Сондықтан, жұмысшылар аса қуатты оттықтарды пайдалана отырып, бетон жылы күйде сақталу үшін ерекше қалыпта жұмыс істей бастады. Міне, осылайша жұмыс қарқыны бәсеңдеп қалған кездер болған. Шатырдың сүмбісін қалай орнатуға болады деген сұрақ бойынша біршама бас қатырдық. Ақыры, әлемнің түкпір-түкпірінен білікті мамандарды шақырып, бірлесе жұмыс атқаруға тура келді. Бір баған жеткіліксіз болғандықтан, таған орнату дұрыс деп шешілді. Бұл жұмыс жобаның ең күрделі тұсы болды десе де болады. Аяз кезінде тағанды орнату, ETFE жабындысын монтаждау, сонымен бірге уақыт тым аз қалғандықтан, мерзімінде жұмысты аяқтау әсте оңайға түскен жоқ», - дейді ол.

Өткен күнді еске түсіре отырып, Энгин Асралан құрылыс мерзіміне қатысты тағы бір естелігімен бөлісті. Әу баста құрылысшылар жұмысты екі жылда еңсереміз деген екен. Алайда ойламаған жерде пайда болған күрделі жайлар, ауа райының салдары өзінің әсерін тигізіп, құрылыс 4 жылға созылып кеткен.

Асралан мырза сауда орталығының ерекше сәулеті туралы әңгімесін жалғастырды.

«Нысанның «қаңқасы» - жарық өткізгіш бірегей материалдардан, ұсақ торлардан тұратын ірі шатыр. Күмбездің үшқабатты жабындысы Астананың құбылмалы ауа райына шыдамды болып келеді. Себебі, елордада өзіңіз білетіндей, ауа температурасы +35 градусқа дейін ысиды да, қыстыгүні -40 градусқа дейін суиды. Күмбез күн сәулесін жұтып алып, нысанның ішіне жаз мезгілінің жай-күйін, лебін тарата алатындай ETFE арнайы материалынан жасалған. Тенттің жалпы ауданы 10 футбол стадионынан да кең. Құрыш ванттың желісінен жасалған құрылымды шатырға ашық полимерлі ETFE жабындысы бекітілген», - дейді Энгин Асралан.

Сауда орталығының құрылысындағы өзгешелікті тілге тиек ете келе «Хан Шатыр» - кезінде «Forbes Style» журналы өзінің хит-парадына енгізген ТМД ішіндегі бірден-бір ғимарат екенін айта кету керек. Сонымен қатар, 2010 жылы «Хан Шатыр» Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығын «Шағын және орта бизнес саласындағы қызмет көрсету бойынша үздік кәсіпорын» номинациясын ұтып алған.




Қазіргі таңда «Хан Шатыр» Zara, New Yorker, Mexx, Bershka, Mango, LC Waikiki, Mondial, Adidas, Massimo Dutti, Nike, Reebok және өзге де әлемдік брендтердің тауарларын ұсынады. «Хан Шатырдың» тағы бір ерекшелігі - оның ішінде сауда орталығының ең биік жерінде орналасқан «Sky Beach Club» жабық жағажайы жұмыс істеп тұр.


Орталықтың әкімшілігінен хабарлағандай, жағажайға құм Мальдив аралдарынан арнайы әкелінетін көрінеді. Демалыс күндері «Хан Шатырға» орташа есеппен 30 мың адам келеді. Ал жалпы ғимарат «Қазақ елі» монументі мен Бейбітшілік және келісім сарайы, «Ақ Орда» мен «Бәйтерек» арқылы көзге көрінбейтін сызықты бекітіп, Астанаға ерекше көрік беріп тұр.



Соңғы жаңалықтар