Оралхан Бөкей парсы тілінде сөйледі - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстанда халық саны қанша? - ӨзА

Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, Өзбекстанда халық саны 2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 33,7 миллионды құрады. Халықтың өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға жоғарылаған, деп хабарлайды өзбекстандық uza.uz ақпарат порталы.

«ӨзА» ақпарат агенттігінің мәліметінше, республикалық облыстар статистикасына сәйкес, дәл осы 2019 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша ең көп халық Самарқанд облысында тұрады. Өзбекстандағы халықтың 11,4 пайызы осында қоныстанған. Ферғана облысы - 11,1 пайызды құраса, Қашқадария - 9,7 пайызды көрсеткен.

«Статистика комитетінің дерегіне сәйкес, Өзбекстан халқының 30,5 пайызы - еңбек жасына толмағандар. Ал, 59,1 пайызы - еңбекке қабілетті жастағылар. Еңбекке қабілетті жастан жоғарылар - 10,4 пайыз. 1 қаңтар мен 1 сәуір аралығындағы халық санының көрсеткіші 33,3 миллион болған» деп түйіндейді өзбекстандық БАҚ.

Моңғолия-Қазақстан арасындағы төте жолға темір жол салына ма? - Kaznews

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев жарияланған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының негізгі басымдықтарын, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық антиядролық бастамасы мен Моңғолияның Премьер-Министрі Х.Хүрэлсүхтың Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша баспасөз брифингін өткізді, деп хабарлайды моңғолиялық kaznews ақпараттық порталы.

Сонымен қатар, Елші ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық ядролық қаруды таратпау саласындағы бастамасын іске асыру барысы жөнінде ақпарат бере отырып, 2019 жылы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және МАГАТЭ-ге мүше болып қосылғанына 25 жыл толғанын БАҚ өкілдеріне жеткізді.

Бұдан басқа, моңғолиялық БАҚ өкілдеріне 10-12 қазан кезеңінде ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің шақыруымен Моңғолияның Премьер-Министрі Х.Хүрэлсүхтың Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша толық ақпарат берілген.

Осы сапардың қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына жаңа серпін беретін 7 халықаралық құжатқа және 8 коммерциялық шартқа қол қойылған.

Моңғолиялық ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, елші екіжақты достық қарым-қатынастың жылдан-жылға ұлғайып, бекуінің тағы бір себебі - маусым айынан бастап «SCAT Airlines» компаниясы Ұлан-Батыр – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша тікелей рейстің тұрақты орындалып отыруы. Бұл өз кезегінде азаматтар арасында өзара алмасу жоғарылап, нәтижесінде екіжақты сауда-экономикалық қатынас және екі елде туризмнің жандана түсуіне септігін тигізеді.

«Сондай-ақ, көп кешікпей Ұлан-Батыр - Алматы бағытына тікелей рейс ашу жоспарланып отыр. Екі ел азаматтарына жолмен 49 км жүріп, шекараға жететін мүмкіндік бар. Бұл бағытқа теміржол салу мәселесі зерттеліп жатыр» деп түйіндейді kaznews ақпараттық порталы.

Жанар - халықтың шексіз ризашылығына бөленіп туған қыз - CNR

Осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпарат агенттігінде белгілі кинорежиссер Жанар Сағатқызы жайлы «Үш жақсылықтан туған режиссер» атты көлемді эссе жарық көрді. Жазба авторы бұл мақаласының басында танымал режиссердің әкесі, аудармашы, баспагер Сағат Жайпақұлы мен анасы, журналист, ақын Тұрсын Жолымбетқызы жайында айтады. Олардың айрықша кішпейіл, сондай мейірімді жандар екеніне тоқталады.

Автор «Жанардай күллі қытай еліне танымал болған саналы ұрпақты тәрбиелеп жеткізудің сыры неде?» деген сауалға жауап алғысы келетінін режиссердің анасына айтады. Бұл сауалға қарт журналист Тұрсын Жолымбетқызы елең еткізерлік жауап берді деп жазады автор.

«Пенденің даңқты болуы оның қажыры мен қабілетіне иек сүйейді десек те, көзге көрінбейтін бір күш сол пенденің жолын ашады дегенге көзім жетті. Сүт кенжемнің елге танылуын мен мына бір ізгілікті іспен байланыстырамын, - деді де Тұрсын апай тосыннан әңгімесін бастауға ыңғай танытты» деп жазады мақала авторы. Сүт кенжем деп отырғаны - танымал режиссер Жанар Сағатқызы.

Ақылына ажары, талантына талпынысы сай келген қыран қыздың өмірге келуін шешесі осыдан елу жыл бұрынғы бір күдірі мол, соқпағы ауыр жылмен сабақтастырады.

«Бұл - осыдан 51 жыл бұрынғы уақиға, мен Шыңжаң газеті қазақ редакциясында бірде редактор, бірде тілші болып қызмет істеп жүрген 29 жастағы жалынды жас келіншек едім», - деп бастады ол кісі әңгімесін. «Омырауда Майгүл есімді бір жарым жасар қызым, жетегімде 4 жастағы Амантай есімді ұлым бар болатын. Ол кезде өмір бүгінгідей баршылықтың ішіндегі май бүйрек емес, дүние тапшылықтың үстіне жайылған көкбауыр сияқты сүреңсіз еді. 1965 жылдың желтоқсанында мекемеміз «Социалистік тәрбие» қимылы негізінде ауыл-қыстақты көркейтуге баратын белсенді кадрларды тізімдеп жатты. Белсенді ретінде оған мен де тізімделдім.... Сөйтіп, он күн жүріп Қашқар аймағының Пайзауат ауданының Құлтұғрақ ауылына бардым...

Барған үйім Мәмет деген кедей ұйғыр диқанның үйі болды. Қалшам есімді ауру әйелі бар екен. Бар жегені - жүгері нан, соның өзі кейде әрең табылады.

Көшеге шықсам жарым денесі жалаңаш қарттарды көремін, киімі бар дегендерінің өзі қырық жамау, «қарты бар үйдің қазынасы бар» дегенді жаттап өскен қазақтың қаршадай қызы едім. Айналамдағы ақсақалдардың иініне жөнді түзу мата ілмегеніне жаным ашыды. Миыма ең алғаш келген ой қарияларды киіндіру болды. Қолдағы қаржымды соларға беруге бекідім де, Сағатқа «ел киімсіз жүр, тамағы шикі, қолдағыны аямайық, асқан қаражатың болса, маған салып жібер» деп хат жаздым. Бір жыл ішінде айналамдағы үлкендерге бірден судай жаңа көк шапан кигізіп шықтым. Сол кезде олардың қалай қуанғанын көрсең ғой... Олар мені көрсе «Тұрсынай балам, балам» деп бас бармағын шошайтып, қолдарын кеудесіне қойып сәлем қылатын. Осы күнге дейін сол қариялардың мені көрсе сонадайдан күліп, қол қусырып амандасатыны көз алдымнан кетпейді» дейді Тұрсын Жолымбетқызы.

Содан бір жыл ішінде Тұрсын Жолымбетқызы бүкіл ауылдағы әйелдерді түгелдей шипаханаға тексертіп, ауырғандарын емдетіп шығады. Қолдағы өз қаражатымен тіпті, әйелдерге қажетті жеке гигиеналық бұйымдарына дейін алып береді. Олардың осындай аянышты халде болуының басты себебі - оқу-білімнің жоқтығынан екенін білген Тұрсын ауыл халқының санасын ашуға қарекет жасайды. Ол Үрімжідегі күйеуі Сағатқа тағы хат жазып, керекті кітаптар мен газет-журналдардың тізімін береді. Сондай қиын күндерде асыл жары Сағат та серік бола білген. Шиеттей екі балаға әке де, ана да болған Сақаң хат тиісімен тапсырманы табанда орындап отырған.

«Мен 1966 жылы 6 желтоқсан күні Құлтұғрақтағы міндетімді өтеп, Үрімжіге қайтатын болдым. Бұл хабарды естіп ауылдың тайлы-тұяғына дейін жиналды. Біздің кететінімізді ауыл әкімі хабарлады да, машина үстіне қолтықтап шығарды. Өңдері тотыққан, көк шапан киген қарт дихандар «Тұрсынай, кетмең, кетмең» деп жеңімнен тартып жылай берді. Ауыл адамдары мені жыл басында кетеді деп ойламаса керек. Біреуі қалаш нанын беріп, біреуі өрік-мейізін беріп жатыр. Көлік оталды. Отырғанымыз жүк көлігі еді, көпшіліктің біразы машинаға шығып алды, ауыл бастығы оларды әрең түсіріп алып қалды.

Машина жүрді. Ауылдықтар «кетмең, кетмең» деп қолын бұлғап зар илеп жылап артымыздан жүгіріп келеді.

Иә, міне осылай мүлде бөтен өзге ұлт егіншілерінің ыстық жасы мен ырыздық ықыласына оранып Үрімжіге қайттым.

Бір жылдан соң 1968 жылы 1 шілде күні өмірге Жанарым келді. Бұл сонау қиырда шет жайлаған жарлы-жақыбай халықтың ыстық пейілі мен шексіз ризашылығына бөленіп туған тәтті қыз еді» деп ойын түйіндейді танымал режиссер Жанар Сағатқызының анасы, ақын, журналист Тұрсын Жолымбетқызы.

Памир үстіртіндегі аспан жолы - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Қытайдың батыс өңірі Шыңжаңның Памир үстіртіндегі Тасқорған Тәжік автономиялы ауданының орталығы мен Уача ауылы арасында ирелеңдеген ерекше тау жолы іске қосылған. Бұл туралы осы аптада People Daily ақпарат порталы жазған болатын.

Ақпарат көзінің мәліметінше, бұл жер теңіз деңгейінен 4200 метр биіктікте, жалпы ұзындығы - 36 шақырым. Жолдың ең биік орны мен ең аласа орнының биіктік парқы 1000 метрге жуықтайды. Жергілікті тұрғындар бұл жолды «Үстірттегі аспан жолы» деп атайды. Ирелеңдегі тау жолы маңындағы тау көркімен астасып, әсем сурет қалыптастырған.

Бұл жолдың ресми аты Ұғият тау жолы. 2019 жылы шілде айында іске қосылған жол жергілікті тұрғындар өміріне қолайлылық тудырған.

Анкарада қазақтың үш арысын еске алды - TRT

Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың Анкара төріндегі бас ғимаратында қазақтың үш арысын еске алды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Алаштың үш арысын» еске алу жиынына Түркиядағы Қазақстанның өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қырғыз Республикасының Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Қуанышбек Өмірәлиев, Қожа Ахмет Ясауи Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Муса Йылдыз, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу қатысты. Сонымен бірге түрік әлеміне жаны жақын зиялылар, қазақстандық және түрік студенттер, Анкарада тұратын қазақ қандастарда аталған жиналысқа келген.

Ұлтымыздың үш бірдей перзентінің 125 жылдықтары атап өтілген халықаралық жиынды Түріксой ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ашып берді. Дүйсен Қасейінов «Қазақ тарихына теңдесі жоқ қызмет және пидақорлықпен таңбасын басқан үш ұлы бәйтеректің рухына тағзым етеміз» деді.

«Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде «Үш арыс жөнінде әлі де ашылмай жатқан шындықтар, тарихи фактілер бар. Оларды еске алып отыру, шығармаларын дұрыс түсініп оқу – біздің міндетіміз» дей келе, түркі әлемінің бірлігі үшін тың ұсынысын ортаға қойды. Түркі әлемінің беделді ұлдарын, қадірлі тұлғаларын Түркияда жастарға, оқушыларға етене таныстыру керектігін, сол үшін Анкарада маңызды тұлғаларға арнап мұражай құру керектігін баса айтты» деп жазады түркиялық басылым.

Халықаралық жиынның келесі бөлімінде үш арысты Анкарада ұлықтау үшін Қазақстаннан келген белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері баяндама жасаған.

Түркиядан да ғалымдар профессор Мұстафа Өнер, профессор Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун, доцент Джемиле Кынаджы тарихи деректерге сүйеніп, үш арыстың қасиеттері, қазақ халқының тарихындағы маңызы мен тағылымын ашып айтқан.

«Қазақ халқының үш бәйтерегі, адал перзенттері Сәкен, Илияс, Бейімбеттің рухы 23 қазан күні Түркияның Сакария қаласында да асқақтайды» деп жазады TRT.

Оралхан Бөкей парсы тілінде сөйледі - «Фарс» ақпарат агенттігі

Шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылған жазушы-драматург, журналист Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесін Айнаш Қасым тұңғыш рет парсы тіліне аударып, парсытілдес оқырманға ұсынды. Бұл туралы осы аптада ирандық parstoday ақпарат порталы хабарлады.

«Жазушының «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесінің де парсы тіліне аударылғанын, жуырда ирандық әдеби журналда жарияланатынын айтқан жөн» деп жазады ирандық басылым.

«Фарс» ақпарат агенттігінің дерегіне сүйенсек, Қазақ әдебиетінің ұлы ақыны Абайдың қара сөздері мен поэзиясының, М.Әуезов шығармаларының, Н.Келімбетовтың бір шығармасының парсы тіліне орыс тілі арқылы аударылғанын ескерсек, парсыға аударылған шығармалардың саны саусақпен санарлық екен.

«Парсытілді оқырманның қазіргі қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігімен көп таныстығы жоқ екені де аударма ісінің кенжелігімен тікелей байланысты. Оның үстіне шығарма делдал тіл арқылы аударылған кезде оның ұлттық реңкінің солғындай түсетіні де шындық. Осындай жағдайда Оралхан Бөкей шығармаларын қазақшадан тікелей парсы тіліне аудару үдерісінің басталуы көңіл қуантатын іс» деп түйіндейді ирандық БАҚ.

Соңғы жаңалықтар