Оралдық майдангер Семен Данилин 105 жасқа толды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдық майдангер Семен Данилин бүгін 105 жасқа толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Майдангерді соңғы жылдары туған күнімен үйінің жанында 5517-әскери бөлімінің оркестрі майдан әндерімен құттықтауды дәстүрге айналдырды.

Семен Акимовичтің өзі де бұл күні әскери киімін киіп, келген қонақтарды қарсы алады.

Жасы 105-ке толғанына қарамастан, ол әлі тың. Мұның сыры салауатты өмір салтын ұстанып, арақ пен темекі секілді әдеттерден аулақ болуда деп біледі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, майдангерді мерейлі жасымен құттықтауға облыс, қала басшылары, ҚР Ұлттық ұланы және басқа мекеме-ұйымдардың өкілдері келді.

Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген ҚР ІІМ ардагерлер кеңесінің төрағасы, генерал-майор Өмірзақ Болсамбековтің атап өткеніндей, бүгінгі ұрпақ бейбіт күннің аға буынның жанқиярлық батырлығы арқасында келгенін ешқашан ұмытпақ емес.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан ішкі істер құрылымдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңестерінің құрамында 70 мың ардагер бар. Соның ішінде төртеуінің жасы жүзден асса, ең үлкені – Семен Данилин.

«Сіз сияқты 105 жасқа келіп жатқандар өте сирек. Сіздің өміріңіз – ерлік пен отаншылдықтың, елге шынайы қызмет етудің жарқын үлгісі. Кейінгі жастар үшін өнеге көрсетіп келесіз. Бұдан былай да әр күніңіз жан жадыратар жақсылыққа толы болсын!», деді ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев.

Айта кетейік, Семен Акимович Данилин 1914 жылы 30 қыркүйекте Ресейдің Курск облысында дүниеге келген. Әкесі бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқаннан кейін анасы да көпке ұзамайды. Ағасы Андрей мен Семенді ата-әжесі тәрбиелеп өсірді.

Семен Данилин екінші дүниежүзілік соғысты Брянск әскери-саяси училищесінің курсанты болып бастап 143-Қызыл тулы Днепропетровск миномет полкінің құрамында батальон командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасарлығына дейін көтерілді.

Сталинград, Украина, Венгрия, Чехословакия, Польша жерлерінде соғысқан майдангер жеңісті Кенигсбергте қарсы алды. Курск иініндегі ұрыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Соғыстан кейін Алматы мен Қарағанды қалаларында ішкі әскер құрамында қызмет етіп, полковник шенімен демалысқа шықты.

Марқұм жары Анна Павловна екеуі үш қыз өсірді. Үлкені, 1939 жылғы Галина Дондағы Ростовта, ортаншысы Наталья Одессада тұрады.

Семен Акимович кіші қызы Татьянамен бірге өмір сүріп келеді.

Соңғы жаңалықтар