Оралдық коммунистер АЕК көлемін тоқсан сайын өзгертуді ұсынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдық коммунистер әлеуметтік сұранысты ескере отырып, АЕК көлемін тоқсан сайын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан коммунистік халық партиясы БҚО филиалында онлайн түрінде өткен дөңгелек үстел отырысына партия мүшелерімен қатар жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, аз қамтылған және көп балалы отбасылар өкілдері қатысты.

Жиын барысында АЕК көлемін жылына бір рет емес, тоқсан сайын қайта қарап, өзгерту туралы ой-пікірлер айтылды. Бұл ретте инфляцияны да ескеру қажет.

Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Сүйінғали Ярлыгасимовтың мәлім еткеніндей, қазіргі кезде баға да өсуде, індетке байланысты карантиндік шектеу шаралары енгізілгені белгілі.

Қазақстан коммунистік халық партиясы әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар мүддесін қорғайтындықтан, АЕК көлемін тоқсан сайын нақтылау қажеттігі ортаға салынды. Аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек, мүгедектерге, әйелдерге декреттік кезеңде, бала туу мен оның күтімімен отырған кезде жәрдемақы төлеу осы АЕК-ке байланысты. Биыл халықтың сұраныс-өтінішіне орай АЕК әдеттегідей қаңтарда және төтенше жағдайдың енгізілуіне орай сәуірде өзгертілді.

«Елге індеттің екінші толқыны келеді деп болжануда. Осындай кезде тұрғындарды қолдау қажет-ақ. Сондықтан біз ұсыныстарымызды орталық комитетке жібереміз. Содан кейін Парламенттегі Қазақстан коммунистік халық партиясының мүшелері Үкіметке сауал жолдап, мәселенің шешілуіне күш салатын болады», деді С.Ярлыгасимов.


Соңғы жаңалықтар