Оралдық кәсіпорыннан Иранға ет жөнелтілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Иранға «Кублей» ЖШС-дан кезекті рет ет өнімдері жөнелтілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аталмыш кәсіпорында болған ҚР АШМ халықаралық ынтымақтастық және экономикалық интеграция департаментінің директоры Ұлболсын Сарыбаеваның айтуынша, қой еті мен тірі қойдың Иранға жөнелтілуі Қазақстаннан Таяу Шығыс елдеріне өнім экспорттаудың  әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. «Кублейде» өнім халал технологиясына сәйкес өндіріледі, сондықтан ирандықтардың талап-тілегіне толық сай келеді. Биыл ҚР АШМ мен ирандық тарап бірлескен жұмыстар жүргізіп, Қазақстаннан Иранға тірі қой, сондай-ақ мұздатылған және тоңазытылған қой етін жіберудің ветеринарлық талаптары келісілді. Соның нәтижесінде оралдық фермерлер Иранға ет шығаруға мүмкіндік алды.

БҚО-ның Ақжайық ауданында орналасқан «Батыс Марка Ламб» ЖШС-ның ирандық компаниямен тоңазытылған қой етін Иранға жеткізу жөнінде келісімге келгені белгілі. Сол секілді Қызылордадан биылғы тамызда алғаш рет 812 бас қой жөнелтілді. Жыл аяғына дейін тағы 10 мың қой тиелмекші. Ал «Кублей» ЖШС ирандықтармен жасалған келісімшартқа сәйкес қой етін жөнелтуді биылғы қыркүйекте бастады. Осыған дейін 100 тонна ет өткізілсе, жыл соңына дейін тағы соншама өнім жөнелтілмек.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтің Иранға жұмыс сапары барысында Иран Ислам Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі М.Ходжатимен кездесулер болып, соның барысында қазақстандық бидайды жеткізу, инвестиция тарту, қатырылған қой еті жөніндегі сертификатты келісуді тездету, сондай-ақ Қазақстаннан ірі қара, мұздатылған және тоңазытылған сиыр етін экспорттау бойынша иран тарапынан талаптарды беру мәселелері қарастырылуда.

Мал өнімдерінен басқа өсімдік өнімдері және дәнді дақылдар бойынша келісімдер мен жұмыстар жасалуда. Мысалы, зығыр тұқымының экспорты екі есеге (2 мыңнан 4,4 мың тоннаға дейін немесе 0,7-ден 1,5 млн долларға дейін), рапс тұқымын шығару 7,5 есеге өсті. Құны 4,4 млн долларды құрайтын 11 мың тонна күнбағыс тұқымы да жөнелтілмекші.

Оған қоса агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорттық орталығына айналған «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен ирандық Tadbir Supportand Developmentof AgriculturalandlivestockInfrastructures Co компаниясы арасында Иранға 100 мың тонна азық-түлік бидайын жөнелту туралы меморандумға қол қойылды. Мүздатылған қой етін жөнелту жөнінде де келісім жасалды. Сонымен қатар инвестиция тарту мен экспортты кеңейту бағытында ирандық кәсіпкерлермен кездесулер өткізілді. 

Соңғы жаңалықтар