Оралдық кәсіпорын экспортқа бағытталған өнім көлемін көбейте түспекші

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Орал трансформатор зауыты» ЖШС экспортқа бағытталған өнім көлемін көбейте түспекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрамына кіретін зауыт осы заманғы құрал-жабдықтар мен озық технология негізінде жұмыс істейді.

«Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның жартығасырлық тәжірибесін ескере отырып, жоғары сапалы өнім шығаруды қолға алған кәсіпорын трансформаторларымен танымал. Әлемдік талаптарға сай келетін трансформаторлар сонымен қатар қолжетімді және бәсекеге қабілетті, бағасы орта нарықтағыдан 5-10 пайызға арзан.

«Омега» прибор жасау зауыты» АҚ-ның бос тұрған ғимараттарына орныққан кәсіпорында жылына 10 мың дана қуаты 6-10 кВ реттеуші майлы, құрғақ және тартатын трансформаторлар шығарылады. Өнімнің 96 пайыздайы Ресейге жөнелтіледі.

Зауыт 2016 жылы түрік инвесторларымен бірлесіп, «URAL ELECTRIC» ЖШС-ны құрды. Соның негізінде кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 2017 жылдың бірінші тоқсанында жалпы құны 500 млн теңге электр қалқанды жабдық өндірілді.

Қазіргі таңда кәсіпорын инвестициялық жобаның екінші кезеңі – швейцариялық АВВ фирмасының лицензиясы негізінде Ресей нарығына бағытталған шкаф бұйымдарын өндіруге кірісті.

Өткен жылы 7140,2 млн теңгеге 7559 дана трансформатор шығарылған болатын. Биылғы төрт айдағы өнім көлемі 2,3 млрд теңге тұратын 2509 дана трансформаторды құрады.

Жалпы, экспортқа бағыт ұстаған кәсіпорын өндірісті кеңейту үшін 4 млрд теңге инвестиция құюды ойластыруда. Жоба аясында жылына 300 дана қуаты 6 – 10 – 20 кВ құрғақ трансформатор, сондай-ақ жылына 200 дана қуаты 6 – 10 – 20 кВ бетонды подстанса шығару көзделуде.

Зауыттың басқарушы директоры Ақжол Сауранбаевтың айтуынша, кәсіпорында барлығы 350 адам еңбек етеді.

«Кәсіпорын карантин кезінде де өндірістен қол үзбей, 40 пайыз қуатына жұмыс істеді. Қазір кішкене арттырып келеді. Карантин бітіп, Ресеймен байланыс қайта жанданса, қалыпқа түсеміз деп ойлаймыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сауранбаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал трансформатор зауытының қиын жағдайға тап болған отбасыларға 2,5 млн теңге бөлгенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар