Оралдан Алматыға жолға шыққан пойыз бұзылып, Қарағанды облысында тоқтап қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Орал – Алматы-2» бағытындағы №52 жолаушылар пойызының неге тоқтап қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 ақпан күні сағат 21.07-де «Орал – Алматы-2» бағытындағы №52 жолаушылар пойызы техникалық ақауға байланысты «Қарағанды – Ағадыр» (Қарағанды облысы) учаскесінің «Нілді – Айса» аралығында тоқтап қалды.

«Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 182 жолаушы келе жатқан, құрамында 29 вагоны бар жолаушылар құрамын Қарағанды стансасына қайтару туралы шешім қабылданған. «Орал – Алматы-2» қатынасындағы №52 жолаушылар пойызының ары қарай жүруі сонымен тоқтады. Аталған ақау пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін еді. Ақау екі вагон аралығынан табылып отыр. Оны «ҚР-дағы Patentes Talgo S.L.» испандық компанияның мердігер ұйымының мамандары жояды» делінген хабарламада.

«Орал – Алматы-2» қатынасындағы №52 жолаушылар пойызы Қарағанды станциясына шамамен 11:30-да келеді.

«Қарағанды станциясына келгеннен кейін №52 пойыз жолаушылары «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларынан жол жүру құжаттарының 100% құнын өндіріп ала алады. Сондай-ақ Алматыға жол тартқан жолаушыларға «Қостанай-Алматы-1» қатынасындағы № 44 және «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Алматы-2» қатынасындағы жолаушылар пойызына мініп, сапарын жалғастыра алады» деп мәлім етті компаниядан.

Құрам тоқтап тұрған уақытта жолаушылар пойыздың вагон-мейрамханасында ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Орын алған жағдай барлық құзырлы құрылымдардың жіті бақылауында.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ келтірілген қолайсыздық үшін кешірім өтініп, түсіністік пен шыдамдылық таңытқан жолаушыларға алғыс айтады.


Соңғы жаңалықтар