Оралда Жұбан ақынға еңселі ескерткіш орнатылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін Орал қаласында Қазақстан халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лаураты Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев қадірлі меймандар мен Ақ Жайық жұртшылығын Жұбан ақынның 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, шынайы тілегін білдірді.

Ғ.Есқалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Биыл қазақтың ақиық ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Жұбан Молдағалиев – төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол – ұлтжандылық пен отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп, еліне адал қызмет еткен қоғам қайраткері. Аса көрнекті ақын еліміздің бірқатар басылымдары мен Жазушылар одағын басқарып, әдебиет пен ақпарат саласын дамыту жолында аянбай еңбек етті. Жұбан Молдағалиев Отанға деген ыстық махаббат пен ерекше сүйіспеншілікке толы туындылары арқылы тұтас халқымыздың рухын асқақтатты. Әсіресе, оның «Мен – қазақпын!» атты поэмасы ұлттық ерекшелігімізді айшықтап, қанымызға сіңген асыл қасиеттерімізді дәріптейді. Сондай-ақ қазақтың намысын жанып, елдікке шақырады, ерлікке үндейді. Халқымыз Жұбан Молдағалиевтің қоғамды дамыту мен әдебиетімізді өркендетуге сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды. Ел тарихында өшпес із қалдырған біртуар тұлғаның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі бола береді деп сенемін», делінген онда.


Ақынның жары София Мәлікқызы еңселі ескерткіш орнатқан Батыс Қазақстан облысы жұртшылығына ризашылығын білдірді.

«Ақ Жайықтан түлеп ұшып, қыран болған, халқына ұран болған Жұбан ағамызға Оралдың төрінде ескерткіш орнатылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Бұл осындағы Сырым мен Абайдың ескерткішіне серік болып тұр, қалаға көрік беріп тұр. Бұл жер ұрпақтардың тәу етіп, тағзым ететін, ғашықтардың гүл қойып келетін қасиетті орнына айналары анық. Бұл – найзағай поэзияға орнатылған ескерткіш, бұл – қазақтың ар-намысына қойылған ескерткіш», деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен қатар ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, мүсінші Серік Рустамбеков, Ақжайық ауданынан ел сәлемін жеткізген ақын Сағынтай Бисенғалиев ізгі тілектерін арнады.

Ескерткіштің авторлары, елордалық мүсінші-сәулетшілер –Серік Рустамбеков пен Ербол Зиябеков. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. 1,7 метрлік тұғырнама табиғи граниттен жасалған.

Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерейтойлық шаралары одан әрі жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақжайықта Жұбан орталығы ашылғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар