Оралда жазасын өтеушілер 36 мыңға жуық медициналық маска тікті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жазасын өтеушілер 36 мыңға жуық медициналық маска тікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Дастан Ақшолақовтың айтуынша, коронавирустың таралуына тосқауыл қоюға үлес қосу мақсатында маска тігу қолға алынды.

«Қазіргідей кезеңде аса маңызды бұл істі ұйымдастыру үшін РУ-170/3 мекемесінде өндірістік цех бөлінді. Жұмыс екі ауысымда атқарылуда. 29 жазасын өтеуші күніне 2 мыңдай маска тігуде. Күні бүгінге дейін 36 мыңға жуық медициналық маска шығарылды. Бетпердемен алдымен департаментке қарасты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, содан кейін облыстық полиция департаменті қамтылды», деді ҚазАқпарат тілшісіне Д.Ақшолақов.

Жазасын өтеушілер масканы тігуге құлшына кіріскендерін жеткізді.


«Мұндай қилы кезеңде әркім де өз үлесін қосуы тиіс. Бұдан біз де шет қала алмадық. Егер адамдарға көмегімізді тигізсек, соған ризамыз. Бұдан былай да өз ісімізге жауапкершілікпен қарап, өнім көлемін көбейте түспекшіміз», деді РУ-170/3 мекемесінде В. есімді жазасын өтеуші.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын далада жұмыс істейтін еңбек адамдарына көбірек көңіл бөлу керектігін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар