Оралда жәдел жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, 4 адам зардап шекті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жәдел жәрдем көлігі жеңіл көлікпен түйісіп, төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға11 қараша күні сағат 22.30 шамасында Көкшетау мен Махамбет ақын көшелерінің қиылысында болды.

Көкшетау көшесімен «ГАЗ-27527» автокөлігін (жедел жәрдем) айдап келе жатқан 1984 жылғы жүргізуші «Лада Грантаға» жол бермей, соқтығысқан.

Соның салдарынан жедел жәрдем көлігі аударылып, бірнеше адам зардап шекті.

«Лада Гранта» автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі және жедел жәрдем көлігінде болған фельдшер мен мейіргер жарақат пунктіне жеткізілді.

Сондай-ақ жол белгісі мен электр бағанына зақым келді.

Жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жедел жәрдем көлігі жарық белгілерін қосып, шақыртуға бара жатқан.

Оқиға орнынан қос автокөліктің жүргізушісіне қоса 1995 және 1998 жылғы фельдшерлер қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қарағаннан кейін олардың басының жұмсақ еті, мойын бөлігі және тізелері көгергені анықталды. Бәрі де амбулаторлық бақылауға жіберілді.

Соңғы жаңалықтар