Оралда ұрланған көлік Самарадан табылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орал қаласында ұрланған автокөлік Ресейдің Самара қаласынан табылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«19 желтоқсанға қараған түні Орал қаласында Ә.Молдағұлова көшесіндегі үйдің ауласынан белгісіз біреулер құны 3,5 миллион теңге тұратын «Нисан Мурано» маркалы автокөлігін ұрлап кеткен. Қылмысты ашу мақсатында облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы құрылды.

Батысқазақстандық тәртіп сақшылары Ресей Федерациясының полиция қызметкерлерімен бірге ұрланған көлікті бір тәулік ішінде көрші елдің Самара қаласынан тапты. Күдіктілерді анықтау бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деді Нұрділдә Ораз министрлікте өткен онлайн брифингте.

Бұған дейін Н. Ораз Шымкентте кіреберісте әйел зорламақ болған күдіктінің ұсталғанын хабарлаған еді.

Ресми өкілдің айтуынша, өткен аптада жалпы саны 2921 қылмыс тіркелді. Полицейлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде 1938 қылмыс ізі суымай ашылды. Оның ішінде 5 адам өлтіру, 34 тонау мен қарақшылық, 501 ұрлық фактілері әшкере болған.


Соңғы жаңалықтар