Оралда тұрғын үйдегі өрт орнынан қарияның мәйіті табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тұрғын үйдегі өрт орнынан қарияның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 25 қаңтар күні Ш.Артығалиев көшесі 18-мекенжайында болды.

Сағат 22.22-де төрт пәтерлік тұрғын үйдің №1 пәтері өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен. Жеке заттар, жиһаз, пәтердің төбесі жанған. 50 шаршы метрді қамтыған өрт көрші пәтердің шатырын да шарпыған.

Өрт орнынан 1932 жылғы үй иесінің денесі табылды.

«Тілсіз жау» сағат 23.37-де ауыздықталды. Оған департаменттен 26 қызметкер, 8 техника жұмылдырылды.

Оқиға орнына сондай-ақ полиция департаментінен жедел тергеу тобының 6 қызметкері 2 техникамен барды.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 22.28-де шақырылып, бригада 6 минуттан кейін жетті. Қария жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде.

Бұған дейін жыл басынан бері 29 өрт болса, соның 16-сы тұрғын үй секторында болды. Өрттен бір адам зардап шекті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тергеу изоляторының қызметкері екі адамды өрттен құтқарғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар