Оралда тұрғын үй өртеніп, 2 газ баллоны жарылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тұрғын үй өртеніп, 2 газ баллоны жарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Мереке Жұмағалиевтің айтуынша, оқиға 5 наурыз күні 2-саяжай аумағында болды.

Сағат 13.39-да «Никель» бау-бақша серіктестігіндегі тұрғын үйдің жанып жатқаны жөнінде хабар түсті.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімі келгеннен кейін аумағы 120 шаршы метр үйдің отқа оранғаны анықталды.

Сондай-ақ өрт сөндірушілер келгенге дейін 2 газ баллоны жарылып, үйдің қабырғалары құлағаны белгілі болды.

Қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ.

«Тілсіз жауды» ауыздықтауға 7 адам 3 техникамен жұмылдырылып, өрт 18.00-де сөндірілді.

«Өрттің шығу себебі – тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы. Облыста жүргізіліп жатқан іс-шараларға қарамастан, тұрғындардың осы талаптарды сақтамауы және салғырттығы салдарынан өрт пен жарылыс саны (2020 жылы – 4 оқиға) азаймай отыр. ТЖ департаменті тұрмыстық газ құралдарын қолдану кезінде абай болу керектігін тағы да еске салады. Төтенше жағдай орын алса, дереу 101, 112 (газ қызметі – 104) телефондарына қоңырау шалу қажет», деді М.Жұмағалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО трассасында жүк көлігінің тіркемесі жанып кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар