Оралда тойдан қашқандар видеоға түсіп қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында мониторингтік топ той жасап жатқандардың үстінен түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Аслан Жармұхановтың айтуынша, мониторинг барысында 14 қараша күні шектеу шараларын бұзушылықтың бес дерегі анықталды.

Соның ішінде «Айбат» мейрамханасында үйлену тойы болып, 60-70-тей адам жиналған.

«Біз барған кезде іштегілер бір сағат уақыттай есікті ашқан жоқ. Содан кейін мейрамхана әкімшісіне қоңырау шалып, төтенше жағдай қызметкерлерін шақырдық, есікті бұздырамыз дегеннен кейін ғана ішке кіре алдық. Той қонақтары киініп үлгерген, мейрамханадан шығып бара жатқан сәтте видеоға түсіп қалды», дейді Аслан Жармұханов.

Сондай-ақ Некрасов көшесі 47 мекенжайында орналасқан коттеджде отбасылық шараның өтіп жатқаны белгілі болды.

Оған отыз шақты адам қатысқан.

Тағы екі дерек дүкендерде термометрияның жоқтығы және арақашықтықтың сақталмауына қатысты тіркелді. Сонымен қатар қоғамдық тамақтандыру нысаны жұмыс істеу уақытын бұзған.

Барлық материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін Орал қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да карантин талабын бұзғандарға 21 млн теңге айыппұл салынғанын, Оралда модульдік аурухана құрылысы аяқталып келе жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар