Оралда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған өлкетану олимпиадасы мәреге жетті (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Бөкей хандығының 215 жылдығына арналған «Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени, табиғи мұрасы» тақырыбындағы өлкетану олимпиадасы мәреге жетті.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС-ның қолдауымен «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, «DANAkaz» журналы, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» ЖҚ бірлесіп ұйымдастырған шара мақсаты - өлкетану қозғалысын жандандырып, шығармашылық қабілеті бар, өлкетанулық зерттеу және іздестіру жұмыстарын жүргізіп, өзінің көзқарасын қорғай білетін, дарынды балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету. Олимпиадаға аудан, қала деңгейіндегі мектептерден барлығы 32 оқушы қатысты. Байқау үш секциялық бағыт бойынша өткізілді. Олар: тарихи-өлкетану, тарихи тұлғалар, жаратылыстану.

Олимпиада қорытындысында тарихи-өлкетану бағыты бойынша Ақжайық ауданы, М.Өтемісов атындағы негізгі жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Көсем Құбашев бірінші, Жаңақала ауданы, Мұқыр ауылындағы Ә.Жангелдин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Ақнұрлы Нағымова екінші, Жәнібек ауданы Тегісшіл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Шерхан Шүкірғалиев үшінші орынды иеленді. Тарихи тұлғалар бағыты бойынша Қаратөбе ауданы, Б.Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінің 8-сынып оқушысы Жансая Файзолла жеңімпаз атанса, Оралдағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің 10-сынып оқушылары Аружан Бақтыгереева мен Назерке Сейтқалиева екінші, №44 орта мектептің 9-сынып оқушысы Әйгерім Ғилажева үшінші жүлдені еншіледі. Жаратылыстану бағыты бойынша Оралдағы №19 орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрбибі Ғаділбекова озып шықса, №42 «Ақниет» мектеп гимназиясының 9-сынып оқушысы Азамат Нәсіпқалиев, Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының 9-сынып оқушысы Жанель Дүйсенғалиева қалған жүлделі орындарды бөлісті. Олимпиадаға қатысқан оқушылардың барлығы сертификаттармен, мадақтамалармен, жетекшілері алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Тарих магистрі, Ресей өлкетанушылар одағының мүшесі Айболат Құрымбаевтың айтуынша, жас жеткіншектер кішкентайынан өз өлкесін танып-біліп өссе, одан еш ұтылмайтыны анық. Олардың өз тақырыптарын барынша зерттеп, тың деректерді таба алатынын осы байқау да көрсетті. Өлкетану бағытында көптеген жұмыстарды тындырып келе жатқан «DANAkaz» тарихи-танымдық журналымен бірлесе отырып, мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.
null null null null null null null

Соңғы жаңалықтар