Оралда соғыс ардагерінің орден-медальдары қолды болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда соғыс ардагерінің орден-медальдары қолды болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға 15 мамыр күні орын алды.

Сағат 12.30 бен 14.30 аралығында 1960 жылғы К. деген зейнеткер әйелдің үйіне белгісіз біреулер есіктің құлпын бұзып кірген.

Ұрылар жәбірленушінің алтын бұйымдарымен қоса Берлинге дейін жеткен марқұм әкесінің марапатын да жымқырып кеткен. Атап айтқанда, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдары, «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі қолды болған.

Зейнеткер әкесінің марапаттарын көзінің қарашығындай сақтап келген.

Барлық келген шығын шамамен 800 мың теңгені құрады.

«Қазіргі кезде ҚР ҚК 188-бабына сәйкес Абай полиция бөлімі тергеу амалдарын жүргізуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да әйеліне әлімжеттік жасаған полицейдің қызметінен қуылғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар