Оралда оқушы бала менингоэнцефалитке шалдықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда оқушы бала вирусты менингоэнцефалитке шалдықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, 10 жасар ер балаға вирусты менингоэнцефалит диагнозы қойылды.

Бала 19 қараша күні ауырғанымен, екі күннен кейін жедел жәрдем шақырылды. Алдымен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Бір күннен соң облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Бөлімшеде жатқан баланың жағдайы орташа.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы Жұлдыз Кәрімованың сөзіне қарағанда, менингиттің үш түрі (вирусты, бактериалды және іріңді) бар. Соның ішінде вирусты менингит жеңілірек, асқынуларсыз өтеді.

Аталған бала Вальдорф мектеп-гимназиясының 3-сыныбында оқиды, қазір жағдайы жақсы деуге болады.

Биыл осымен менингитпен барлығы алты адам ауырса, соның үшеуі – балалар.

Бұл ауру жеміс-жидекті жумау (лас қолдар), ауа-тамшы жолдары, сондай-ақ «дені сау» вирус тасымалдаушы адамдар арқылы таралады.

«Менингит күз-қыс айларында өрши түсуі мүмкін. Сондықтан адамдар көп жиналатын жерге баруды шектеу, ауа райына қарай киіну және иммунитетті көтеру керек. Ауру белгілері (бастың қатты ауыруы, құсу, іштің өтуі, дене қызуының көтерілуі) байқала қалған жағдайда бірден дәрігерге қаралу қажет», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ж.Кәрімова.

Соңғы жаңалықтар