+7 (701) 759 90 19
USD 425.05 EUR 509.29
RUB 5.58 CNY 64.66
Jańalyqtar

Оралда «Күмбірлеген күміс күй» республикалық домбырашылар байқауы мәреге жетті

2020 жылғы 28 қазан 21:52
Бөлісіңіз:
Оралда «Күмбірлеген күміс күй» республикалық домбырашылар байқауы мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының 200, аса көрнекті орындаушы Науша Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Күмбірлеген күміс күй» республикалық домбырашылар байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған күй сайысына Алматы қаласы, Маңғыстау (Жаңаөзен), Атырау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 14 үміткер қатысты.

Домбырашылар екі күнге созылған, үш кезеңнен тұратын байқау барысында Дәулеткерей, Науша және Құрманғазының күйлерін орындады. Соңғы кезеңде оларды Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрі (бас дирижеры әрі көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетов) сүйемелдеді.

Республикаға танымал домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (500 мың теңге) атыраулық Жәнібек Жәмиевке бұйырды.

Алматылық Назерке Базарбаева бірінші (300 мың теңге), атыраулық Қайрат Жұмағалиев пен тағы бір алматылық Ақылбек Бектасов екінші (150 мың теңге), алматылық Азамат Шынаров пен оралдық Наргиза Касумова үшінші (75 мың теңге) орынға ие болды.


Қазақ музыкасының алтын қорына Махамбет, Құрманғазы, Нақыш, Мүсірәлі, Соқыр Есжан, Қожақтың күйлерін берген шебер орындаушы, Махамбет атындағы сыйлықтың және «Халық күйшісі» атағының иегері Өтеген Жұмашевтің осы күндері 90 жасқа толуына орай арнайы сыйлық (100 мың теңге) белгіленді. Ол қызылордалық Бауыржан Сейдәлінің еншісінде кетті. Ал оралдықтар Әлібек Қуанышәлиев пен Әділбек Қодаров дипломант атанды (25 мың теңге).

«Төре мектебінің негізін қалаған, лирикалық сырлы саздарымен елінің жүрегін тербеген Дәулеткерейдің күйшілік мұрасы хан тұқымынан болғандықтан, кеңес дәуірінде қуғындалса да, халық жадынан жоғалған жоқ. Оның күйлерін өткен ғасырда Науша Бөкейханов жеткізсе, академик Ахмет Жұбанов аманаттаған дәстүрді біз жалғастырып келеміз. Дәулеткерейдің 200 жылдығы кең көлемде аталып өтілуі тиіс еді. Індетке байланысты көрермендерсіз болды. Байқауда Дәулеткерейдің көптен орындалмай келген күйлері тартылып жатыр. Бұл – қуаныш, жақсылық, осындай ізденістерімізді жалғастыра беруіміз керек», деді Алматыдан арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, профессор, Дәулеткерей күйлерін нотаға түсіріп, зерттеген Кәрима Сахарбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Дәулеткерей мен Науша күйшіге арналған республикалық байқау өтетінін жазған болатынбыз.






Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT