Оралда көпірден секіріп кеткен қызды полиция қызметкерлері құтқарды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда көпірден секіріп кеткен қызды полиция қызметкерлері құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 12 наурыз күні Деркөл ауылы тұсындағы Шаған өзенінен өтетін көпірде болды.

32 жастағы қыз өзіне-өзі қол жұмсамақ болып, көпірден секіріп кеткен. Бұл жөнінде сағат 20.30-да белгісіз біреу 102 телефонына хабарлаған.

Сол аумақта кезекшілікте жүрген Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, полиция лейтенанты Парасат Жолбаев пен полиция аға лейтенанты Ерлан Қожасов оқиға орнына дереу жетеді. Айналаны барлап, саяжай тұрғындарынан қайық сұрастырады. «Суға адам құлап кетті, көмектесу керек» дегеннен кейін тұрғындардың бірі қайығын береді.

Полиция қызметкерлері өзеннің ортасында денесі су бетінде қалқып тұрған қызға дейін қайықпен жүзіп жетіп, оны көпір астындағы бетон тасқа дейін жеткізеді.

Қыздың әлі де тірі екенін білген олар алғашқы көмек көрсетіп, арқасынан қағып, ішіндегі суды шығарады.

Кешікпей құтқарушылар да, жедел жәрдем де жетеді. Полиция қызметкерлері қызды қайыққа салып, жағаға дейін жеткізіп, дәрігерлердің қолына тапсырады.

Қазіргі уақытта қыздың жағдайы бірқалыпты.


Соңғы жаңалықтар