Оралда кісі қағып, көлігін өртеп жіберген жүргізушінің ісі сотқа берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кісі қағып, көлігін өртеп жіберген жүргізушінің ісі сотқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің бастығы Мақсұтхан Аблазимовтың айтуынша, оқиға өткен жылғы желтоқсан айында орын алды.

Белгісіз жүргізуші «ВАЗ-2112» автокөлігімен Орал-Желаев жолы мен Төле би көшесінің қиылысында 1957 жылғы жаяу жүргіншіні қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Зардап шеккен ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілгенімен, есін жия алмай, көз жұмды.

Жүргізушіні іздеуге барлық жеке құрам жұмылдырылғанымен, бірден табу оңайға түскен жоқ. Қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білген ол көлігін өртеп жіберіп, ізін жасырмақ болған.

Оқиға орнынан автокөліктің сынған пластмасса әйнегінің кесінділері, дақтар алынып, сот-биологиялық сараптамаға жіберілді.

Іздестіру шаралары барысында Желаев кенті маңындағы орман арасынан өртенген «ВАЗ-2112» автокөлігі табылды. Бұл жол-көлік оқиғасын жасаған көлік болып шықты.

Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабына (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347-бабына (жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) сәйкес тіркеліп, күдікті де ұсталды.

1982 жылғы облыс тұрғынының қылмысы дәлелденіп, ол кінәсін мойындады.

«Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа берілді. Мұндай істердің ұзаққа созылатыны белгілі. Өйткені ол өте мұқият және жіті тексеруді қажет етеді», деді М.Аблазимов.


Соңғы жаңалықтар