Оралда кәсіпкер қыз-келіншектер көпбалалы аналарға қолұшын созды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кәсіпкер қыз-келіншектер көпбалалы аналарға қолұшын созды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасыл ел» қозғалысы облыстық штабының жетекшісі Аслан Тапишевтің айтуынша, елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін штаб жанынан волонтерлер корпусы құрылды.

Волонтерлер қатарына «Жасыл ел» сарбаздарымен қатар өзге еріктілер де қосылды. Олар коронавирустың жұқпалы дерт екендігін, үйде отыру керектігін тұрғындарға түсіндіріп, брошюралар таратты.

«Жұмыс барысында бір таңғалғаным, бір топ кәсіпкер қыз-келіншектер өздері хабарласып, қандай көмек бере аламыз деді. Сөйтсек, әсемдік салондарының иелері екен, карантинге байланысты қызметтері уақытша тоқтап қалған. Соған қарамастан, бизнестен тапқан қаржыны өз қажетімізге жұмсамай, көп балалы аналарға азық-түлікпен көмектесейік деді. Біз мұны құп алдық», дейді Аслан Тапишев.

Осылайша облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен еріктілер тізімге сәйкес Орал мен қалаға қарасты кенттердегі көп балалы аналарға көмек берді.

Әр отбасында жағдай түрліше. Кейбіреуінде 4 немесе 6, тіпті 9 баласы бар үйлер бар екен. Көбін жұбайлары тастап кеткен немесе өмірден озған. Өмірдің сондай қиындықтарына қарамастан, балаларын тәрбиелеп отырған аналардың жанкешті тірлігі кейінгі жастарды рухтандырады.

«Сол секілді жалғызілікті қариялар да баршылық. Әрине, әкімдік қызметкерлері барлығын біледі, қолұшын беріп те жатыр. Дегенмен ерікті болған соң бәрін көзбен көріп, көңілге түйгенге не жетсін! Осындай қысылтаяң кезде елмен бірге болып, мұқтаж адамдарға жәрдемдесу – борышымыз», деді А.Тапишев.

БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мейірбек Нұркеннің сөзіне қарағанда, 17 наурыз бен 22 сәуір аралығында «Ақжайық жастары» волонтерлері 70 мыңнан астам көпреттік бетпердені қала тұрғындарымен бірлесе тігіп, адамдар көп жиналатын орындарда таратты.

Екі мыңнан астам мұқтаж отбасына әлеуметтік көмек себеті (азық-түлікке қоса гигиеналық, шаруашылық тауарлары, тағы басқа заттар) жеткізілді.

Төтенше жағдай жарияланған кезде бастапқыда еріктілер саны 400-ден асса, карантин енгізілгеннен кейін олардың саны қысқарды. Қазіргі таңда көмек қолын созып жүрген 50 волонтердің барлығы көлікпен қамтылған.

«Аудан орталықтары мен ауылдарда да осындай жұмыстар атқарылуда. Күні бүгінге дейін 1 мыңға жуық отбасына көмек беріліп, 5 мың дана көпреттік бетперде таратылды. Бұған 218 волонтер тартылған еді, шектеу шаралары күшейтілгеннен кейін олар қызметін тоқтатты. Дегенмен волонтер көмегі қажет болғандар 109 немесе 8-705-143-06-06 телефонына хабарласа алады. Қала мен аудандар бойынша да өтінімдер қабылданып, жұмыс жалғаса беретін болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Нұркен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда мыңға жуық адамның үйден бақыланып жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар