20:30, 08 Тамыз 2020 | GMT +6
Оралда екі көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 20-ға жуық адам эвакуацияланды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында екі көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 20-ға жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, оқиға 8 тамыз күні болды.
Сағат 14.48-де Құрманғазы көшесі 102-мекенжайында пәтерден түтін шығып жатқаны жөнінде хабар түскен. №55 пәтердің асүйінде тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, жиһаз жанды.
Оқиға орнынан 12 адам шығарылса, соның төртеуі – балалар.
«Тілсіз жау» 15.00-де ауыздықталды.
Сол секілді сағат 15.51-де Жамбыл көшесі 40/2-мекенжайында 9-қабатта балкон өртенген. №74 пәтердің балконында жеке заттар мен терезе жақтауы отқа оранған.
Бес адам эвакуацияланса, соның біреуі – бала.
Мұнда өрт сағат 16.17-де сөндірілді.
Зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бір күнде екі кісі өлтіру дерегі тіркелгенін жазған болатынбыз.