Оралда демалыс күндері ҰБТ тапсыратын түлектерді арнайы көліктер тасымалдайды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында демалыс күндері ҰБТ тапсыратын түлектер үшін тасымал ұйымдастырылады. Бұл туралы брифингте БҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Ғұмарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өткеніндей, БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 23 маусымдағы қаулысына сәйкес өңірде қосымша шектеу шаралары енгізілген болатын.

Соның ішінде 27-28 маусым күндері Оралда қоғамдық көліктер жүрмейді.

«Осыған байланысты демалыс күндері М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде сынақ тапсыратын талапкерлерді тасымалдауға 16 автокөлік бөлінді. Сонымен қатар қалаға келетін Бәйтерек, Тасқала, Теректі аудандары түлектерін 74 автокөлік жеткізеді. Ал қаланың шеткері аумақтарында тұратын түлектер басқа күндері тапсырады. Олардың әрқайсысы үшін көлік қарастырылады», деді Зәуре Базарғалиқызы.

Қазіргі таңда облыста ҰБТ 9 тестілеу пунктінде өтіп жатыр. Оған барлығы 5062 үміткер қатысуға өтініш берсе, 22 маусымнан бергі төрт күннің ішінде 2041-і сынақ тапсырды. 22 түлек ҰБТ тапсырудан өз еркімен бас тартты. 14 үміткер тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеді. Тағы 10-ы ҰБТ ережелерін бұзғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылып, нәтижелері жойылды.

З.Ғұмарованың сөзіне қарағанда, 3 шілдеде мәреге жететін ҰБТ-дағы бақылау күшейтілген. Үміткерлерді тәуелсіз сарапшылар қадағалайды. Олардың құрамына арнайы мониторингтік топтар мүшелері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері кірді.

«Биылғы 25 тамызға дейін әр аудиториядан алынған бейнежазбаларды мамандар зерделейді. Егер бейнематериалдарды талдау кезінде ережелерді бұзу анықталса, талапкердің тест нәтижелері жойылады. Егер сол кезде қатысушыға грант тағайындалған болса, онда ол гранттан айырылады. Сондықтан шпаргалка дайындаудың қажеті жоқтығын, тыйым салынған заттарды әкелмеу керектігін тағы да ескертеміз», деді Зәуре Ғұмарова.

БҚО білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Сәрсенғалиева өңірдегі тестілеу пункттерінде мониторинг жүргізу нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзушылықтың анықталмағанын жеткізді.

«Сынаққа жіберілмеген немесе ережені бұзғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылғандар биыл қаңтардағы ҰБТ-ға қатысқандығы туралы сертификаты болған жағдайда ақылы түрде еліміздегі ЖОО-ларға құжат тапсыра алады. Сол секілді өзінің орнына басқа адамды кіргізген талапкер де бір жыл бойы ҰБТ-ға қатыса алмайды. Биыл облыста мұндай бұзушылық орын алған жоқ. Өз жауабының дұрыстығын дәлелдегісі келетін түлектер ҰБТ нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін апелляциялық комиссияға өтініш түсіре алады. Комиссия оны сол түлектің қатысуымен бір күннің ішінде қарастырады», деді Г.Сәрсенғалиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда демалыс күндері базарлар мен дәмханалар жабылып, автобустар жүрмейтінін, коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты облыс әкімінің алаңдаушылық білдіргенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар