Оралда бір күнде 100-ден астам полиция қызметкері екпе салдырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында бір күнде 100-ден астам полиция қызметкері екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, олардың бәрі де 3 сәуір күні №3 емханаға өз еріктерімен коронавирусқа қарсы вакцина қабылдады.

Оның сөзіне қарағанда, екпе салдырғандардың ішінде департамент басшылығы, өзі де болды.

«Бұл, біріншіден, әркімнің өзі үшін қажет. Екіншіден, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтындықтан, бізге міндетті түрде керек. Полицейлердің пандемиямен күресте медицина қызметкерлерімен қатар алдыңғы шепте жүретіні белгілі. Сол себепті індеттің таралуына өзіміз жол бермеуіміз қажет. Өзімді екпеге дейін де, кейін де жақсы сезіндім. Ешбір ауытқу байқалмады. Сондықтан әріптестерім мен жерлестерімді өз денсаулығымыз үшін індетке қарсы екпе алуға шақырамын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Болатбек Белгібеков.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2 сәуір күні өңірге 10 800 доза «Спутник V» вакцинасы жеткізілді. Соның 4900-і – бірінші, 5 900-і – екінші компонент.

Облыста вакцинациялау кезең-кезеңмен, кесте бойынша жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын полицейдің отбасын ойлағандықтан да екпе салдырғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ мұғалім індетті жұқтырмаудың бір жолы жаппай екпе алу екенін жеткізді.





Соңғы жаңалықтар