Оралда бадминтоннан халықаралық турнир мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда бадминтоннан«Condensate Kazakhstan International Series 2019» халықаралық турнирі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бадминтон олимпиадалық ойын түрі болғандықтан, осындай жарыстарға қатысып, көбірек ұпай жинаудың маңызы зор.

Жарыстың бас төрешісі, жапониялық Томохару Сано турнирге әлемнің 16 елінен 95 спортшы қатысып, бақ сынағанын жеткізді.

Бадминтоннан Қазақстан құрамасының бас бапкері Асқар Ормановтың айтуынша, Қазақстаннан - 35, Ресейден - 25 бадминтоншы қатысса, Тәжікстаннан - 7, Өзбекстаннан - 6, алыс Аустралиядан - 4 спортшы келді. Дегенмен бұл турнирде де осы спорт түрінен мықтылар қатарындағы даниялықтар алдына жан салмай тұр.

Аралас жұптық сында қазақстандық Артур Ниязов ресейлік Ольга Иващенкомен бірге финалға шыққанымен, соңғы бәсекеде даниялықтарға есе жіберді. Тағы бір қазақстандық Дмитрий Панарин молдовалық Влада Гингамен бірге үшінші орынға көтерілді.

Турнир чемпионына - 2500, күміс жүлдегерге - 2250, үшінші орын иегеріне - 2000 ұпай беріледі.

«Токио Олимпиадасына іріктеу сайыстары биылғы 1 мамырдан басталды. Әйтсе де тиісті қаржыландыруға қол жетпегендіктен, қазақстандықтар ондай турнирлерге қатыса алмады. Қатыспағаннан кейін ұпай да жинай алмайды. Олимпиадаға іріктеуден өту үшін біздің есебіміз бойынша спортшы әлемнің 60 үздігінің қатарына енуі керек. Мысалы, ұпай санау кезінде бадминтоншының табысты өнер көрсеткен он додасының қорытындысы ескеріледі. Ол үшін кемінде жиырма турнирде бақ сынауы керек. Жаңа жылдан бастап қаржыландыру көбейеді деген үміт бар. Олимпиадаға іріктеу 31 сәуірде аяқталады. Барынша күш саламыз, дегенмен, күн санап үміт азайып барады. Қазақстан құрамасында ересектер, жастар және жасөспірімдер тобының әрқайсысында 15 спортшыдан жаттығуда. Әзірге Дмитрий Панариннің өткен жылы жасөспірімдер олимпиадасына қатысқаны ғана көңілге сеп болып тұр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Орманов.

Ресейлік тәжірибелі бадминтоншы О.Иващенко Қазақстаннан Артур Ниязов пен Дмитрий Панариннен басқа қыздардан ешкім көзге түсе алмағанын айтты.

«Бадминтон спортымен айналысқаныма 12 жыл болды. Қостанайлықпын, 19 жастамын. Токиоға барудан үміт үзгеніммен, қаржылай қолдау болса, 2024 жылғы Олимпиадаға іріктеуден өтуге тырысамын», - деді Дмитрий Панарин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бадминтоннан халықаралық турнир өтіп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар