Оралда ауруханада жатқан 65 жастағы ер адам үшінші қабаттан секіріп көз жұмды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ауруханада жатқан 65 жастағы ер адам үшінші қабаттан секіріп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 22 маусым күні таңда болды.

«65 жастағы ер адам артериалды гипертензия диагнозымен 20 маусым күні қалалық көпбейінді ауруханаға түскен. 21 маусым күні ауруханадан шығуға сұранған, бірақ зайыбы қалғанын жөн деп санаған. Дәрігерлер ер адамның ауруханаға түскен кезде көңіл күйінің түсіңкі, қапалы екенін аңғарған. Сол себепті психологтың кеңесіне жүгіну керек деп тапқан. Анықталғандай, ол жарты жыл бұрын баласынан айырылып, содан айыға алмаған. 22 маусым күні таңертең 06.30-да дәрігерлер қан қысымын өлшеп, қарағаннан кейін палатада қалған. Үшінші қабаттан секіріп кеткен оны сағат 06.57-де санитар тапқан. Дереу маман дәрігерлер бригадасы (хирург, травматолог және басқалар) шақырылып, емделуші жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер екі сағат бойы оның өмірі үшін күрескенімен, ажалға қарсы тұра алмады. Әйеліне хабар беріліп, полиция шақыртылды», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын, ҚР ҚК 105-бабына (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда басынан ауыр жарақат алған ер адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар