Оралда адам өлтіріп, мүрдесін әжетхана шұңқырына лақтырып тастаған тұрғын сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда адам өлтіріп, мүрдесін әжетхана шұңқырына лақтырып тастаған М.Әжібаев 14 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан түскен мәліметке қарағанда, іс «TrueConf» мобильдік бейнебайналыс жүйесі арқылы қаралды.

Сот талқысында мәлім болғанындай, оқиға өткен жылы 2 қараша күні кешкісін орын алды.

Сағат 20.30 шамасында М.Әжібаев Ә.Кердері көшесі 79-үйдің жанынан Е.Құсанованы өзіне бейтаныс А.Жолаевтың қасынан көріп, қызғанған. Содан кейін Е.Құсанованы аталған үйдің ауласына сүйреп кіргізіп жіберіп, А.Жолаевты аяқ-қолымен ұрып-соққан.

А.Жолаев қашып құтылмақ болып, үйдің ауласына кірген мезгілде пышақпен сол жақ иығына көптеген соққы жасаған. А.Жолаев иық қан тамырынан алған ауыр жарақат салдарынан сол жерде жан тапсырған.

М.Әжібаев А.Жолаевтың өлгеніне көз жеткізіп, құны 100 мың теңге тұратын «Samsung Galaxy J2 Prime Duos» ұялы телефонын жымқырып кеткен. Сосын қылмыстың ізін жасыру мақсатымен марқұмның мүрдесін әжетхана шұңқырына лақтырып тастаған.

Судья Шара Зайнуллинаның айтуынша, М.Әжібаев өз айыбын толық мойындамағанына қарамастан, оның кінәсі сотта дәлелденді.

Сотталушы ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) және 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық) сәйкес айыпты деп танылды.

Сот жаза тағайындаған кезде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілігін, сотталушының жеке басы мен ауырлататын мән-жайларды ескерді.

ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес 8 жылдан 15 жылға дейін жаза көзделген. ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес жазаны ішінара қосу арқылы М.Әжібаев түпкілікті 14 жылға бас бостандығынан айырылды. ҚР ҚК 14-бабы 2-бөлігі 2-тармағында көзделгеніндей, М.Әжібаевтың іс-әрекетінде қауіпті рецидив танылғандықтан, жазасын төтенше жағдайдағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар